Қазақ детективінің жаңа тынысы
Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасы бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ұлттық әдебиеттегі ерекше жанрды қайта жаңғырту мақсатында «Заң» Медиа-корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылдан бері Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын тұрақты түрде өткізіп келеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Биыл бұл игі дәстүр сегізінші мәрте жалғасын тапты. Байқау жарияланған сәттен бастап редакция поштасына елдің түкпір-түкпірінен туындылар түсті. Барлығы үш ай ішінде жетпіс екі шығарма қабылданды. Бұл – детектив жанрына деген қызығушылықтың әлі де зор екенін айғақтайды.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен және «Заң» медиа-корпорациясының ұйымдастыруымен өткен Кемел Тоқаев атындағы VIII республикалық детектив шығармалар байқауы Тараз қаласында қорытындыланды. Оның жөні де бар. Жазушы Кемел Тоқаев соғыстан кейінгі жылдары Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетінде қызмет еткен. Әрі биыл облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен аймақ көлемінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты кең ауқымды кітап оқу акциясы жүріп жатыр.
Кешті «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС басшысы Досымбек Өтеғалиев жүргізді.
– Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде жаңа бағыттың негізін салып, детектив жанрын биік деңгейге көтерген тұлға. Оның шығармалары өскелең ұрпаққа әділдік, отансүйгіштік және адамгершілік қасиеттерді дәріптейді. Байқау сегіз жылдан бері жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, жаңа есімдердің танылуына жол ашты. Мұндай бастамалар ұлт руханиятының дамуына үлкен үлес қосады, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов.
Парламент Сенатының депутаты, көрнекті журналист Нұртөре Жүсіп төрағалық еткен, құрамында байқаудың тұрақты қатысушысы, тележурналист Серік Әбікенұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, медиа-менеджер Ғалымжан Елшібай, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы және Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, журналист Оралхан Дәуіт бар қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі «Мылқау түн» атты шығармасы үшін Гүлден Жылгелдиеваға берілді. Ал Айзада Кенжемолдаева «Қиыс жол» туындысымен бірінші орын иегері атанды. Алдажар Әбілов пен Болай Бердиеваның шығармалары – ІІ орынға, Мирас Мұқаш, Шернияз Жалғасбекұлы және Бақыт Жәлиеваның шығармалары ІІІ орынға лайық деп табылды. Сонымен қатар үш қатысушыға Жамбыл облыстық сотының ынталандыру жүлделері табысталды.
 
			