Наурыз айында жауын-шашын көлемі екі есе артады
Бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында әлі де қар жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ға аз.
Қазіргі уақытта қар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында еріп жатыр.
Министрдің айтуынша, наурыз айында температураның көтерілуі мен мол жауын-шашын салдарынан тау өзендерінде су тасқыны қаупі бар. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде қар қалың, ал наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі есе немесе одан да көп болуы мүмкін.
Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндіктің өзінде түскен.