Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту басты басымдық

0 335

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік өкілдерімен кездесті. Жиынға қатысушылар Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында берген бірқатар тапсырмаларының орындалу барысын қарастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚХА жастарды идеологиялық тәрбиелеу, әлеуметтік келеңсіздіктермен күрес бойынша жұмыстарды жүзеге асырады. Оның ішінде, нашақорлық, құмар ойындар, бұзақылық және ысырапшылдыққа қарсы шаралар бар. Сондай-ақ волонтерлік және жергілікті қоғамдастықтардың белсенділігін ынталандырып келеді.

– Президент бірқатар өзекті міндеттерге тоқталды. Біз осы бағытта жұмысты жүйелі түрде бірге жүргізуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында облыста арнайы Жол картасы әзірленеді, — деді облыс әкімі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту басты басымдық екенін баса айтты. Сондай-ақ басқосуда «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Мүбарак Жинақбаева, «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тарас Леоненко, «Ордабасы» командалық ойынының Қазақстандық федерациясы» РҚБ-нің президенті Руслан Измазов сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені», «Мың бала», «Мәміле», «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» сынды жобаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.