Ауқымды жұмыс жүргізілуде
Соңғы 10 жылда елімізде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі үш есе азайғанын Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Қазіргі уақытта құқық бұзушылықтарды анықтау мен тіркеу жүйесі жақсарғанына қарамастан, 2024 жылы бұл көрсеткіш тағы 5 пайызға төмендеген. Алайда, Жетісу, Ұлытау, Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында ерекше назарды қажет ететін мәселелер әлі де бар, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі.
Ішкі істер министрлігінде жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша ел аумағында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алайда, өмірдің қарқынды өзгеруі бұл мәселе де тек мемлекет тарапынан ғана емес, ата-аналардан да белсенді араласуды талап етеді.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайды талдап, жасөспірімдердің теріс мінез-құлқының негізгі себептерін анықтады және оларды қоғамға бейімдеуге, қолдауға бағытталған нақты қадамдарды ұсынды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жергілікті билікке профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды. Министр құқықтық сауаттылықты арттыру, тәрбиелік шаралар мен пайдалы бос уақытты ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар өңірлердегі ата-аналарды қолдау орталықтары мен мектептердегі психологиялық қызметтерге де ерекше назар аударылмақ.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайына, тәрбиесіне және құқықтық санасының артуына ықпал етуі тиіс.