Жылыту маусымына дайындық жүйелі жүргізілуі тиіс

0 510

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары бірқатар облыстың әкімдерінің баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі ҚР Премьер- Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Энергетика министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезең кәсіпорындарда ірі апаттарға жол берілмей, тұрақты режимде өтті. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, барлық энергия көздері негізгі және резервтік отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілді. Осы жылдың 4 айында өндірілген электр энергиясының көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға артты. Сонымен қатар электр стансаларында бірқатар жөндеу жұмыстары 2023 жылдан бері аяқталмай қалған.

Биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1 энергоблокта, 1 қазандықта және 4 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 2 энергия блогында, 12 қазандықта және 2 турбинада әр түрлі кезеңдерде жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 20,9 мың км болатын электр беру желілерін және 423 жоғары вольтты қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км құрайды, олардың орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың км ауыстыру қажет. Ең көп тозған желілер Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында. Үкімет алдында 2030 жылға қарай тозған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Биыл жылумен жабдықтау желілерінің 221 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Бұған қоса, жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары, «қызыл аймаққа» жатқызылатын 12 қала белгіленген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған қалалардағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 73%-ды құрайды. Алдағы жылыту маусымын үздіксіз өткізу мақсатында аталған 12 қалаға 47,2 км жөндеу жоспарланған.

Премьер-Министр Олжас Бектенов ірі апаттардың болмауына қарамастан, жылу көздеріндегі технологиялық бұзушылықтардың жиілеп кеткеніне назар аударды. Осыған байланысты Үкімет басшысы министрлер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды. «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», деді Олжас Бектенов.

Жылу көздерін сапалы әрі уақытылы жөндеу үшін Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Премьер-Министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталады.

Сонымен қатар энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. «Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуға тиіс. Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен әкімдіктерге қуат көздеріндегі, жылу және электр желілеріндегі жағдайға мұқият талдау жүргізіп, қосымша жөндеу жұмыстарының көлемін айқындауды тапсырамын. Нәтижесі туралы баяндаңыздар. Бұл ретте, республикалық, жергілікті бюджеттерден және инвестициялық бағдарламалар аясында қаржыландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қазір негізінен республикалық бюджет қаражаты жұмсалуда», деген Үкімет басшысы әкімдерге Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, монополистермен жұмыс жүргізіп, қаржыландыру бойынша ең оңтайлы тетіктерді ұсыну тапсырылды.

Премьер-Министр Үкіметтің жергілікті жерлердегі жұмыстарды бақылауды күшейткеніне назар аударды. «Жөндеу жұмыстарында қауіптер бар. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8-қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», деді Олжас Бектенов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді:

  • Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15-мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15-қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15-қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек.
  • Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен өңір әкімдіктеріне барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек.

Сондай-ақ әлеуметтік блок министрліктеріне мамандар тапшылығы бар жылу және электр энергетикасы саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды. Ол үшін Еңбек, Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері осы саладағы еңбек нарығының ағымдағы жағдайына толық талдау жүргізіп, қажет болса тиісті мамандықтарға гранттардың санын көбейту керек. «Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротехниктерді, энергоаудиторларды, электриктерді және басқа да мамандарды даярлап шығаруы тиіс. Бұған қоса, аға буын кадрлардың білімі мен тәлім-тәжірибесін жастарға беру мәселесін қамтамасыз ету керек. Еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйелердің тұрақты жұмысы осыған байланысты», деп атап өтті Олжас Бектенов.