Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

0 69

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыс аумағында қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық орындарды абаттандыру бағытында ауқымды экологиялық іс-шаралар өтті. Акциялар барысында тұрғындар, жастар және еріктілер белсенділік танытып, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосты.

Тараз қаласындағы «Талас» өзенінің жағалауында өткен экологиялық акция өңірдегі маңызды тазалық шараларының біріне айналды. Іс-шара барысында өзен жағалауы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, демалыс аймақтары ретке келтірілді. Табиғи аумақтың тазалығын сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға жастар ұйымдары, еріктілер және белсенді тұрғындар қатысты.

Шара барысында облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары М. Мырзатай экологиялық бастамалардың маңыздылығына тоқталып:

«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама. Әсіресе, өзен-көлдердің тазалығы – экологиялық қауіпсіздіктің басты кепілі. Талас өзенінің жағалауын тазарту арқылы біз тұрғындарды табиғатты аялауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға үндейміз. Мұндай шаралар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоғамдағы жауапкершілікті арттыра түседі», – деді.

Сонымен қатар, Меркі ауданындағы Меркі тау шатқалында «Таза Қазақстан – жарқын болашақ кепілі», Қордай ауданындағы «Емен» орталық саябағында «Туған жердің тазалығы – әркімнің жауапкершілігі», Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында «Тазалық – ортақ жауапкершілік», Талас ауданы Қаратау қаласындағы «Жартас» көлдерінде «Таза көл, таза ел», сондай-ақ Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Таза аула» тақырыптарында экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылды.

Сенбіліктер барысында қоғамдық орындар мен демалыс аумақтары тазартылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Табиғи аумақтарды қорғау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға тазалық сақтау мен экологиялық жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді.

Сонымен қатар, Жуалы ауданындағы орталық саябақта «Жасыл Қазақстан – біздің таңдауымыз!» тақырыбында экологиялық акция ұйымдастырылып, қатысушылар саябақ аумағын тазалау және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты.

Ал, Тараз қаласындағы №125 High School білім ошағында «Таза табиғат – ортақ міндет!» атты экологиялық кездесу өтіп, жастар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәселелері кеңінен талқыланды.

Жалпы, бүгінгі күнге «Таза Қазақстан» акциясына 22,5 мыңнан аса адам және 850 кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Іс-шаралар аясында 45,9 мың жасыл желектер отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше жолдары, 810 шақырым арық жүйелері мен каналдар, сондай-ақ 615,5 мың м² саябақтар мен скверлер аумақтары тазаланды, 5,2 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.