Жамбылдықтар да қайырымдылық шарадан тыс қалмады

0 230

Халық қиыншылыққа тап болғанда ел болып қол ұшын созып, қайырымдылық көрсету қанымызда бар қасиет. Қасиетті Наурыз мерекесінен кейін ілешала басталған су тасқыныны жайлаған өңірлердегі ағайынның жағдайы жамбылдықтарды да бейжай қалдырмады. Қайырымдылық көмек ретінде  91 тонна азық-түлік, 22 тонна өзге де қажетті тауарлар мен ақшалай 5,8 миллион теңге жөнелтті. Сондай-ақ 23 тонна дәрі-дәрмек қарғын су астында қалған өңірге жетті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Қиын шақта алғашқылардың бірі бо­лып журналист, қоғам белсендісі, Мөлдір Анар­баева бастаған азаматтар ақтө­бе­лік­терге «Біз біргеміз!» ұранымен гумани­тар­лық көмек жөнелтті. «Ауыл – береке», «Ки­ров» базарлары мен №8 ықшам ауда­нын­дағы «Фиркан», «Скиф» сауда орын­да­рына қойылған жүк көліктеріне кәсіпкерлер мен қала тұрғындары азық-түлік пен қа­жет­ті тауарлар артып, батыс өңірдегі жұртқа аттандырды.

Қазақстанды өз отаным деп сезінетін киелі Әулиеата өңірін мекен еткен өзге ұлт өкілдері топтасқан Қазақстан халқы Ассамблеясы өңір­лік филиалы «Жүректен жүрекке» акциясы аясында азық-түлік пен қажет­ті тауарлар жинайтын нүктелері жұмысын бастады. Сондай-ақ тікелей ақшалай ау­да­рымға «Kaspi.kz» есепшоты ашылды. Нәти­же­сінде, өңірлік қан орталығының дирек­торы, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров 200 мың теңге көлемінде кө­мек аударса, «Ассамблея жастары» бір­лестігі 7860450 теңгеге  гуманитарлық көмек жинады.

Өзбек этномәдени бірлестігінің мү­ше­лері де қайырымды істен шет қалмай, ақ­ша­лай көмек көрсетсе, «Архыз» бірлестігі 150 мың теңге аударым жасаған. Грек ұлтының өкілдері ақтөбелік ағайынға 400 мың теңгеге азық-түлік пен қажетті мате­риал­дар жөнелтті. «Вынхуа» дүнген этно­мә­дени бірлестігі 9 миллион 500 мың тең­геге 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық кө­мек жөнелтті.

Ұйғыр ағайындар 1,5 миллион теңгеге жылу жи­наса, «Шиват Цион» еврейлер бірлестігі 250 мың, «Манас» қырғыз этномәдени бір­лес­тігі 3 миллион теңге, «Хазар» әзербайжан бір­лестігі 1,1 миллион теңге, тәжік эт­но­мә­дени бірлестігі 50 мың теңге және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі 10 миллион тең­ге көлемінде көмек көрсеткен. Ал М.Қаш­қари атын­дағы Шу аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жастары 10 мил­лион теңгенің азық-түлігі мен қажетті ма­те­­­риалдарын жи­нап берді. Осылайша, этномәдени бір­лес­тіктер бірлігі мен ын­ты­мағын көрсетіп жат­қанда Тараз қаласының тұрғындары да 1,1 миллион теңгенің азық-түлігін қабылдау пунктеріне алып келді. Облыстық жастар ресурстық ортал­ы­ғы­ның жастары макарон, ұн, сұйық май, күріш, қант, шай мен резеңке етік­тер­ден құралған 650 мың теңгенің гума­нит­ар­лық көмегін жинады.

– Өңірлерде су тасқынынан зардап шек­кендерге көмек көрсету мақсатында Жам­был облысы әкімдігінің Жастар сая­саты мәселелері басқармасының Жастар ре­­­сурстық орталығында гуманитарлық кө­мек қабылдау пункті жұмысын бастады. Тауар­ Тараз қаласы, Төле би даңғылы, 35 ме­кенжайында орналасқан облыстық во­лонтерлік фронт-офисте қабылданды. Су тас­қынынан зардап шеккендерге гумани­тар­лық көмек жинау туралы ақпарат әлеу­мет­тік желілерде, түрлі мессенджерлерде та­ратылып, белсенді жастарымыз жеке кә­сіпкерлермен жеке-жеке түсіндірме жұ­мыстарын жүргізді. Нәтижесінде, облыс бойынша 65,17 тонна тауар жиналды. Оның ішінде «Жастар ресурстық орталығының» гу­манитарлық көмек қабылдау пунктіне азық-түлік өнімдерінен 15 қап қант, 15 қап күріш, 10 қап ұн, 7 қорап «сәуле» печеньесі, 6 құты сұйық май, 7 қорап «мадина» ма­кароны, вафли, түрлі печеньелер, сушки және азық-түліктік емес тауарлар мен киім-ке­шектерден 30 келі кір сабын, 6 дана ре­зең­ке етік, 3 қорап химиялық тауарлар жи­нал­ды. Тауарларды сұрыптауға 30 ерікті жұ­мылдырылып, орталық жылу жинау пунктіне жеткізілді.

Қазақ халқы қандай қиындықта да қол ұшын созған. Жақын емес, жаттың өзін бауырға баса білген. Сондықтан, осындай қиын қыстау кезеңде бірлігімізді көрсетіп, то­пан су астында қалған ағайынға көмек көр­сетуге барша қазақстандықтарды шақы­ра­мын! – дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

Иә, жастардың жігері қандай мақтауға да лайық. Мұндай игі бастамадан саяси пар­тиялар да шет қалмауда. «AMANAT» пар­тиясының мүшелері 78500 теңгеге азық-түлік пен қажетті тауарлар алып бер­се, «Respublica» партиясы өңірлік филиалы­ның мүшелері 98 мың теңгеге ыдыс-аяқ, төсеніштер мен матрастарды қабылдау нүктелеріне тапсырған.

Осылайша, бүгінде 49957000 теңгенің гу­манитарлық көмегі жиналып, кеше азық-түлік тиелген жүк көліктері жолға шықты. Оның 100 тоннадан астамы азық-түлік пен қажетті тауарлар болса, 5,8 миллион теңге ақ­шалай жөнелтіліп отыр. Сондай-ақ Жам­был облысы бойынша 210 ерікті су ал­ған елді мекендерге көмек жинауға өз үлестерін қосуда. Бұдан бөлек, кеше 260 тонна пияз тиелген 13 жүк көлігі де Жамбыл облысы аты­нан төтенше жағдай жарияланған өңір­лерге аттанды.

Әрине, бұл үйсіз-күйсіз қалған ағайын­ның жоғын түгендеп бермес. Алайда, жанға жұбату болса игі. Жығылған жұртпен қазақ­стандықтар бірге екенін сезінсе, көңілге сол да демеу. Әлбетте, мұндай жағдай енді қай­та­ланбасын деп тілейміз. Ең бастысы, қауіп­тің беті сейіліп, халық қайта құтты қонысына оралсын!