Құқықтық сауат қашанда маңызды

0 51

Өткен жұма күні Мойынқұм аудандық орталық кітап­ханада аудан әкімі Әлихан Балқыбековтің қатысуымен «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қасымхан Төлендиев «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін жоғарылату» атты әлеуметтік жобасы аясында жастарға ерекше кеңес беріп, дәріс оқыды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастырып, жастардың бойында адалдық пен парасаттылықты, әділдік құндылықтарды дамыту мақсатында өткен жиында жастардың құқықтық сауаттылығы мен құқық қорғау органдарына сенімін арттыру туралы мәселелері кеңінен айтылды.

— Жастар – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан жастарымыз бәсекеге қабілетті болғаны дұрыс. Олардың амандығы мен денсаулығы, қауіпсіздігі және де алған білімі, тәрбиесі ең бірінші орында болуы керек, – деді Қасымхан Естемесұлы. Сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар айының басында егемен еліміз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, әділ талап қойып наразылыққа шыққан отандастарымыздың бейбіт шеруін, өкінішке орай, арандатушылар мен содырлар, бұзақылар өз мақсаттарына пайдаланып кеткенін күрсініспен еске алды.

Жиын барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының бірінші орынбасары, капитан Айдархан Сәрсенбеков міндетін мінсіз атқарған әскери қызметкерге оқуға тегін түсуге мүмкіндік берілетіні жөнінде жоғары сынып оқушыларына насихаттап жүргендерін айтса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Үсен Айнақұл, адвокат Алмас Садуов, «Жастар рухы» ұйымының жетекшісі Нұрислам Бейсембектер бүгінгі қоғамда орын алып жатқан түрлі жағымсыз оқиғаларға байланысты өз пікірлерін жеткізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ал Жамбыл атындағы мектеп-гим­назиясының Президенті Сәкен Сағадин Қасымхан Естемесұлына сұрақ қойып, нақты жауабын алды.

Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудан прокурорының орынбасары Нұрлы Сарманов, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаева, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шахикерім Исабеков, зиялы қауым өкілдері, нотариус Саттар Биділдаев және аудан орталығындағы мектептер мен №8 Мойынқұм колледжінің студенттері, аудан жастары мен бұқаралық ақпарат құралының өкілі қатысты.