Жамбылда заңсыз жанармай тасымалдаған 291 жүргізуші жауапқа тартылды
Жыл басынан бері Жамбыл облысында жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдауға қатысты 333 дерек анықталды. Тексеріс барысында құқық бұзушылардан жалпы 6 тонна жанармай-майлау материалдары тәркіленген, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Полиция мәліметінше, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын басқарғаны үшін 291 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тексеру барысында аталған көліктердің жанармай тасымалдауға арналған қосымша жабдықтармен жарақтандырылғаны анықталған.
Сондай-ақ осыған ұқсас құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасаған 132 жүргізуші жауапкершілікке тартылған.
«Тек тамыз айының өзінде өңірде жанармайды заңсыз тасымалдаудың 106 дерегі тіркелген. Оның 64-і тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көліктерді басқаруға қатысты болса, 42 жағдайда жүргізушілер осындай құқық бұзушылықты қайталап жасаған. Жалпы 423 көлік арнайы айып тұрағына қойылды», делінген хабарламада.