Қызғалдақтай қыз өсірген халықпыз
«Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен балалар өнер мектебінде «Мен қазақтың қызымын» атты аудандық байқау өтті.
Байқауға қатысқан 11 ару тотыдай құлпырып, үкілі үмітін арқалап келіп бақ сынады.
Халқымыз қашанда ұлын нарға, қызын арға балап, олардың болашағынан мол үміт күткен. Олардың тәрбиесіне зор мән беріп, ұлт мақтанышы болуына барынша атсалысқан. Дала педагогикасының мәні әлі де жойылған жоқ.
Ұрпақ тәрбиесі – қазақ халқы үшін қастерлі міндет, қыз бала тәрбиесіне көңіл бөлу өз маңызын жойған жоқ.
Міне, сол тәрбиенің уызына тойған аяулы арулар көпшілік алдында «Сымбаты мен сыры жарасқан», «Қыз өссе, елдің көркі», «Салт- дәртүрді білесіз бе?» және «Анадан тәлім алған қыз» сайыстары бойынша өздерінің білімдері мен өнерлерін ортаға салды.
Жеңіске деген құштарлық сайысқа қатысушы сұлуларды жігерлендіріп, алға жетеледі. «Көргенді қыз – ибалы, тәрбиені жиғаны», — демекші, байқауға қатысып жатқан сұлулардың көз сүйсіндірер ұлттық киімдері мен анадан алған тәрбиесі, нұр шашқан жүздері көрермендердің бойына мақтаныш, ризашылық сезімін құйғаны анық.
Жалпы қорытынды бойынша, әділ қазылар шешімімен бас жүлдеге Қызыләуіт ауылындағы М.Қыстаубайұлы атындағы мектептің оқушысы Аяулым Мұхамедқали лайық деп танылса, 1 – орынды балалар өнер мектебінің қызметкері Бота Тұрар иемденді. Ал, 2 – ші және 3 – орындарды №1 мектеп – лицейден келген Жарқынай Джумабекова мен Қаратау тау – кен технологиялық колледжінің білімгері Динара Төлеубекқызы өзара бөлісті.
Назерке Кеңес,
Талас ауданы.