Стратегиялық бағдардың басты негіздері – бірлік пен даму

0 323

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» тақырыбындағы ХХVIІ сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, мәслихат депутаттары, Ассамблея мүшелері мен құрылымдары, этно-мәдени бірлестіктер, ҮЕҰ-дар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты. Аймақтық ассамблеяның алқалы жиынын облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров жүргізді.

Сессияда сөйлеген аймақ басшысы, облыстық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айқындап берген тапсырмаларына тоқталып, міндеттерді іске асыруда барлық әлеуетті тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың аса маңызды құралы. Ассамблея береке-бірлік, тұрақтылық сынды басты мақсаттарға қол жеткізуге жұмылуы тиіс. Бұл тұрғыда облыстық Ассамблеяның алдында ауқымды міндеттер тұр, – деген облыс әкімі өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы төртінші жыл қатарынан жемісті жалғасып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Ассамблея өкілдері су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетті. Жалпы, өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының өкілдері су басқан аймақтарға 57 млн теңгені құрайтын 100 тонна гуманитарлық көмек жіберген болатын.

Сессия мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков, Т.Рысқұлов аудандық Орыс этномәдени орталығының жетекшісі Любовь Левицкая, Қарашай-балқарлардың «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің облысымыздағы «Архыз» филиалының мүшесі Таня Апаева және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытында облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан шаралар, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өңірдегі саяси ахуал, медиация төңірегінде ой-пікірлерін білдіріп, жұртшылықты болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

– Біреу қиыншылыққа тап болған және қолдауды қажет еткен жағдайларда жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты біздің этникалық топ та алғашқылардың бірі болып көмекке келеді. Соның бір жарқын мысалы – біздің Сортөбе ауылдық аурухана. Ондағы әр бөлімше асар дәстүрімен салынған, аудан тұрғындары әлі күнге дейін барлық өзекті мәселелер бойынша көп ұлтты ұжымымызға қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан да біздің ауылдық аурухананы ел  «халықтық» деп атайды.

Президентіміз атап өткендей, мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктер жасалып, жаңа нысандар бой көтеруде. Мәселен, қазіргі таңда Сортөбе ауылдық ауруханасы аумағында мемлекет қаражатына 200 орынды заманауи емхана салынып жатыр.

Ал, біз – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдармен өнімді серіктестіктің үлгісін көрсетуіміз керек. Жергілікті атқарушы органдармен және барлық деңгейдегі мәслихаттармен жұмыс істеудің тиімді тетіктерін құруға басты назар аудару керек. Біз қоғамымызды жікке бөлетін кез келген әрекетке берік тосқауыл қоюымыз қажет. Біз Ұлы даланың тарихын, халқының тектілігін ұмытпай, иық тірестіре, қоян-қолтық әрекет еткенде ғана алға қойған мақсаттар мен міндеттердің барлығына қол жеткіземіз.

Баршаңызды бейбітшілікті, бірлік пен келісімді, бір-бірімізге құрмет пен өзара түсіністікті сақтай отырып, мемлекеттік саясатты бірлесіп қолдауға және алға жылжытуға шақырамын! Біз бәріміз бір елдің азаматымыз, бір тағдырдың адамдарымыз! – деді Қарашай-балқарлардың «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің облысымыздағы «Архыз» филиалының мүшесі Таня Апаева өз сөзінде.

«Меніңше, ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Қазақстан құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу жолында нәтижелі қадамдарын жасауда. Сол үшін де Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық Сот жұмысын бастады.

Әрине, жақсы заңдар қабылдауға болады. Негізгі мәселе – оларды орындау. Елімізде «заң мен тәртіп» қағидаты орнығу қажет. Кейбір кезде демократияға байланысты Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен салыстырып жатады. АҚШ бүгінгі демократиялық жүйесіне ғасырлар бойы келді. Біздің егемендік алғанымызға биыл 33 жыл болады. Сондықтан да әр қазақстандық құқықтық және демократиялық мемлекеттің азаматына лайық. Ел Президенті айтқандай «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр» болу керек. Осы қасиеттерді ең алдымен бүгінгі жастардың бойына сіңіру маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін өзіміздің қоғамдық санамыз бен азаматтық ниетімізді өзгерту қажет.

Ұлттық идеологияның түп-тамыры – білімді қоғам арқылы Қазақстанда рухани серпіліс жасау. Білімпаздық пен жаңашылдық бірінші орында тұрғаны жөн. Ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беруге болмайды. Бүгінгі жастарымыз өсіп-өркендесін десек, оларды жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуге тәрбиелеу қажет.

Сонымен қатар, қазір әлем күн сайын өзгеруде: жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Осындай жағдайда жастарымыз жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Яғни рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады.

Сананың өзгеруі ұлттық идеологияның дамуына тікелей байланысты. Бізге халқымыздың қуатын арттыратын, толағай табыстарға жетелейтін, жалпыұлттық құндылықтарын дамытатын идеология керек. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері өз үлестерін қоса береді деген сенімдемін». Бұл – облыс Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбековтың пікірі.

Сессия соңында этносаралық келісімді нығайтуға елеулә үлес қосқан және өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысқан азаматтар марапатталды. Атап айтқанда Сарысу аудандық «Возрождение» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лилия Вайс, Талас аудандық Татар этномәдени орталығының мүшесі Флюра Малыхина облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Қордай аудандық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы Камиля Дургаловаға, Жуалы аудандық «Славян» этномәдени орталығының мүшесі Ольга Цепковаға, «Жамбыл облыстық «Корё» Кәрістер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Кан Анатолийге аймақ басшысының Алғысхаты табысталды.

Сессия қатысушыларының назарына этнос жастарынан құрылған «Достық» театры  Ш.Мұртазаның «Интернат наны» қойылымын, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі «Қазақ» биін  ұсынды.  Жиын өңірлік этномәдени бірлестіктер өнерпаздары Владимир Сорокин, Бахром Муминов, Диас Нүрпейісов, Мадина Бекмурзаева, Наталья Гиринаның орындауындағы «Мен сені сүйемін, Қазақстан» әнімен түйінделді.