Таразда жылу желілерін жаңғырту жұмыстары 95 пайызға аяқталған
Тараз қаласында ескірген жылу желілері жаңғыртылуда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары Қойгелді-Қазыбек би, Төле би-Рахимов, Ұлбике ақын-Ниеткалиев, Достоевский-Жалаири және Ломоносов көшесі бойында жүргізілуде. Қазіргі таңда ондағы құрылыс жұмыстары 90-95 пайызға орындалған. Ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастырған баспасөз туры барысында «Таразтрансэнерго» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болған сәтте таныстық, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Таразтрансэнерго» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның директоры Арман Бектибаевтың айтуынша, бүгінгі күні осы жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында инвестициялық жобалар жоспарға сәйкес кестеден кешіктірілмей жүргізілуде.
– «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында кәсіпорынның 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасына сәйкес ТК-128 және ТК-512 ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртылуда. Мәселен, ТК-128 ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялау жобасының құны – 856,907 миллион теңгені құрайды. Оның жалпы ұзындығы – 0,717 шақырым. Аталған желі арқылы 6 көпқабатты тұрғын үй мен 11 заңды тұлға жылумен қамтамасыз етіледі. Желілер 1990 жылдан бері пайдаланылып келеді, нормативтік пайдалану мерзімі 25 жылды құрайды. Техникалық зерттеу нәтижелері бойынша құбырлардың тозу деңгейі 80 пайыздан жоғары, – дейді мекеме басшысы.
Бұл нысанның тапсырыс берушісі «Таразтрансэнерго» МКК болса, құрылысын «СК-АВС» ЖШС-і мойнына алған.
Мекеме директорының айтуынша, бұл жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың 15 маусымда басталған. Бүгінгі таңда жобада көрсетілген құрылыс жұмыстар 99 пайызға орындалған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде уақытша ыстық судан ажыратылған 4 көпқабатты тұрғын үй 20 тамызда ыстық суға қайта қосылыпты.
Ал ТК-512 ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялау» жобаның құны – 1 536 839,318 мың теңгені құраса, оның жалпы ұзындығы – 3,741 шақырым. Аталған жылу желісі арқылы 28 көпқабатты тұрғын үй, 1 балабақша және 28 жеке тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Нысандардың жалпы жылытылатын ауданы 30,1 мың шаршы метрді құрайды, 1 866 тұрғын қамтылған.
– Жылу желісі 1998 жылдан бері пайдаланылып келеді, нормативтік пайдалану мерзімі – 25 жыл. Техникалық зерттеу нәтижелері бойынша құбырлардың тозу деңгейі 60 пайыздан жоғары. Бұған дейін кәсіпорын жыл сайын өз қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп келгенімен, желілерді толық ауыстыруға қажетті қаржы жеткіліксіз болды. Өткен үш жылдың көлемінде 7 рет желідегі апаттық үзілістер орын алды. Бүгінгі күні «СК-АВС» ЖШС өзіне жүктелген міндетті толық атқаруда, – дейді Арман Бектибаев.
Бүгінгі күні мұндағы құрылыс жұмыстары 90-95 пайызға орындалған. Осы айдың басында 6 көпқабатты тұрғын үйдің 5-уі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Мердігер құрылыс-монтаждау және абаттандыру жұмыстарын осы жылдың 20 қыркүйегінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру жылу шығындарын нормативтік мәндерге дейін төмендетуге, жеткізілетін жылу энергиясының сапасын арттыруға, тұтынушыларды тиімді әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланушы кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған жобаларды іске асыру жалпы жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетіп, жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға ықпал етпек.