Бағдарлама арқылы 15 мыңға жуық бала дүниеге келді

0 4

Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 15 мыңға жуық бала дүниеге келді. 2021 жылдан бері бағдарлама шеңберінде ЭКҰ-ның 37 мыңға жуық циклі жүргізіліп, жыл сайын бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Қазақстанда заманауи репродуктивтік технологиялардың қолжетімділігі кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Бүгінде отбасылардың шамамен 15%-ы бедеулік мәселесіне тап болады. Жыл сайын медициналық көмекке шамамен 20,5 мың ерлі-зайыпты жүгінеді.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы іске қосылды. Бағдарлама қосалқы репродуктивтік технологияларға мұқтаж отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар репродуктивтік медицина желісі де дамып келеді. Егер 2004 жылы ЭКҰ-ны төрт клиника жүргізсе, 2025 жылы олардың саны 32-ге жетті. Осы кезеңде қосалқы репродуктивтік технологиялар циклдерінің саны сегіз еседен астам өсіп, жылына 18,6 мыңға жетті.

Пренаталдық диагностика бағытында да оң динамика байқалады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ультрадыбыстық зерттеу кезінде туа біткен даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13,8%-ға артты. Ал туа біткен кемістіктермен және хромосомалық бұзылыстармен дүниеге келген балалардың саны 25,6%-ға төмендеді. Алты айдың ішінде «Бір күндік клиника» шеңберінде шамамен 66 мың жүкті әйел алғашқы скринингтен өтті. Мұндай формат қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және қажет болған жағдайда болашақ аналарды қосымша тексерулерге жіберуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі репродуктивтік көмектің қолжетімділігін одан әрі кеңейтіп, ерте диагностиканы жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Бұл заманауи медициналық технологиялардың еліміздің барлық өңірлеріндегі отбасыларға қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.