САПАЛЫ БІЛІМ- ЗАМАН ТАЛАБЫ

0 15

Елдің өркениеттілігі білімді мамандар санымен өлшенеді. Сондықтан, балалардың сапалы білім алуы-мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында бұл мәселе айтылмай қалмады. –Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектердің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл кезек күттірмейтін шаруа,-деген Мемлекет басшысы қашықтықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартуды тапсырды.

Әлемді дүрліктірген пандемия барлық салада заманға сай жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетіп берді. Карантиндік шектеулерге байланысты балалар қашықтықтан оқуға мәжбүр болды. Мұндай әдістің көпшілікке оң әсері де болды. Ең бастысы-халықтың интернетке қолжетімділігі артты, заманауи түсінік қалыптасты, мұғалімдер мен оқушылар онлайн оқытудың қыр-сырын меңгерді. Мұндай жүйеде білім алу уақыт талабынан туындап отыр. Сондықтан, Жолдауда жүктелген ақпараттық жүйе­нінің сапасын арттыру арқылы білім сапасын көтере аламыз.

Сондай-ақ, жағымды жаңа­­­лық­тың бірі-дарынды оқушы­ларға мемлекет тара­пынан қолдау көрсе­тілмек. Халықаралық пән олимпиадаларының жеңім­паздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орнына түсуі үшін конкурстан тыс гранттар бөлінеді. Бір реттік ақшалай сыйақы да қарастырылған. Бұл орайда, ұстаздардың да еңбектері бағалаусыз қалмайды.

Қолдау қашан да адамның қызығушылығын оятып, ынтасын арттырады. Жолдаудағы Мемлекет басшысының ұсынысы- талай баланың талабын ұштауға негіз болатын бастама деп білемін.

Былғы Жолдаудың бұдан өзге жаңалықтары көп. Алдағы жылдан бастап білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейеді. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа 1,2 триллион теңге жұмсау көзделуде. Одан бөлек, 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу тапсырылды. Осылайша білім ошақтарындағы орын тапшылығының алдын алатын боламыз.

Жалпы Жолдауда жүктел­ген  міндет  барлығымызға ортақ. Мұғалімдерге жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Атқарылатын міндет те нақты. Ендігі жерде тек іске жауапкершілік танытып, жүйелі жұмыс жасауымыз қажет. Сонда ғана ел дамуына өз үлесімізді қоса аламыз.

Мақсат Қазанғапов,

Талас аудандық білім бөлімінің басшысы.