Құрылтай сайлауында алғашқы 23 сайлаушыға жаңа Конституция табысталды
23 тамызда Жамбыл облысындағы №53 мектеп-гимназияда орналасқан №50 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Әнұранды орындаумен ашылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Салтанат Төле дауыс берудің басталғанын жариялап, азаматтарды өз таңдауын заң талаптарына сәйкес еркін әрі жасырын түрде жасауға шақырды.
Сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген азаматтарға арнайы сыйлық табысталды. Азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуын атап өту мақсатында алғашқы 23 сайлаушыға 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы берілді.
Алғашқы болып дауыс бергендердің қатарында Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Бейсембекұлы Солтыбаев жұбайы Камиламен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Сонымен қатар Бөлеген Гүлдархан, Затыбеков Әлім, Абдуалиев Ғабит, Жалғас Аружан, Өсербаев Болат, Өсербаева Гүлназ, Көшербаева Айжан, Ауезов Мухамед, Аязбаева Нәсіп және басқа да тұрғындар дауыс беруге алғашқылардың бірі болып қатысты.
Жалпы 23 алғашқы сайлаушыға жаңа Конституция сыйға тартылды.
Қазіргі таңда сайлау учаскесінде дауыс беру белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр. Азаматтар сайлау процесіне белсенді қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауда.
Бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауына дауыс беру басталды. Сайлау күні ел аумағында және шетелдегі Қазақстан өкілдіктерінде барлығы 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істейді.