Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

0 134

Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық құндылықтың маңызын атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Құрметті отандастар!

Баршаңызды мерейлі мереке – Ұлттық Домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қос ішекті қастерлі аспап – ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра.

Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озады. Осылайша, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келеді.

Шын мәнінде, ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі.

Жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара Домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.

Халықаралық қауымдастыққа қазақ Домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің жалпыұлттық парызымыз. Аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – Домбыра» деген тамаша теңеуі Домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс деп ойлаймын.

1 шілдеде, яғни Домбыра күні қарсаңында мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні айрықша.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау алғаш рет шын мәнінде Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды. Бұл өсіп-өркендеуге бет алған халқымыздың бітім-болмысына, мақсат-мүддесіне толық сай келетіні сөзсіз.

Домбырашыларға, оқытушыларға және ұлттық өнерімізді Қазақстанда, шет елдерде жоғары деңгейде насихаттауға өнегелі ісімен, салмақты сөзімен атсалысып жүрген барша адамға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да азаматтарымызға шабыт беріп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге жетелей береді!

Әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке