Премьер-министр газ тарифіне қатысты тапсырма берді

0 5

Премьер-министр Олжас Бектенов газ саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық қамту үлесін арттыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет саладағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаражат бөледі. Осы бағытта отандық өндірушілерді кепілдік берілген тапсырыспен қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бір ай мерзімде тек отандық өндірушілерден сатып алынатын мұнай-газ жабдықтарының номенклатурасын бекітуді тапсырамын», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы сонымен қатар газ саласындағы жаңа тарифтік саясат бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Премьер-министр баға белгілеу тәсілдерін оның одан әрі орнықтылығын және халықты атаулы қолдау тетіктерін сақтауды ескере отырып жаңарту қажеттігін атап өтті.

«Газ саласында қолданыстағы баға белгілеу моделі оның дамытуын тежеп отырмауы тиіс. Осы орайда, Ұлттық экономика министрлігіне Энергетика министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі ай ішінде халықты әділ әрі атаулы қолдауды сақтап, жаңа ынталандырушы тарифтік саясатқа қатысты ұсыныстарды Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырамын», деді Олжас Бектенов.