Министр Аида Балаева қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

0 159

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барша қазақстандықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы министр өзінің Facebook-тағы жеке парақшасында жазды.

– Құрметті достар!

Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!

Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің басты атрибуттарына деген ерекше құрмет.

Көк байрақ, Елтаңба мен Әнұран –халқымыз бен мемлекеттілігіміздің қасиетті нышандары.

Біздің тарихымыз бен мол мәдени мұрамыз, Қазақстанның болашаққа деген ұмтылысы рәміздерден көрініс табады.

Мемлекет басшысы мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздерде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдыретті күш бар. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің мәртебесі, халқымыздың ар-намысы. Олар алға қарай нық қадам басып, биік мақсаттарға қол жеткізу жолында күш-жігер береді», – деді Президент.

Мемлекеттік ту – Қазақстанның еркіндігін, ашықтығы мен адалдығын бейнелейтін нышан.

Елтаңба біздің ғасырлар бойы жүріп келе жатқан тарихи жолымызды, халықтың бірлігі мен қуатын бейнелейді. Әнұран Отанға деген сүйіспеншілікті оятып, жүрекке мақтаныш сезімін ұялатады.

Бүгінгі мереке тағы да құтты болсын!

Елдігіміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Көк туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! — деді министр.