Мемлекеттік бағдарламалар аясында 282 жоба жүзеге асырылуда
Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 117,8 пайызға орындалды (жоспар 110,2 пайыз). Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуда құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орымбаев жоспарланған жұмыстардың барысы мен саладағы өзекті мәселелер туралы баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында 282 жобаның құрылысы жүргізілуде. Биыл — 201 нысан, қалған 81-і келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінге дейін 71 нысанның құрылысы аяқталды. 10 айдың қорытындысы бойынша 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар 750,0 мың шм).
Өңірде 2909 пәтерлі 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 14-шағын ауданда 800 пәтерлі 22 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Биылғы жылдың қорытындысына сәйкес 2749 пәтерлі 54 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз пайдалануға берілетін 354 пәтер сатып алынады. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен жекешелендіру құқығымен жалға берілетін 1221 пәтер сатып алу көзделген.
Жалпы биыл сатып алу тетігі арқылы осал топтағы 1575 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылады. Былтырғы жылмен салыстырғанда пәтер 2 есеге (2023 – 864 пәтер), ал қаражат көлемі 3 есеге (2023 – 7,8 млрд., 2024 – 23,2 млрд) артты.
Сонымен бірге 82 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысына 13,7 млрд теңге қаржы қаралған.
Ербол Қарашөкеев биылға жоспарланған құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, өз міндеттерін орындамаған, олқылықтарға жол берген мердігерлерге заң аясында қатаң шаралар қабылдауды ескертті. Аудан әкімдерінен тұрғындарға арналған баспаналарды сатып алу шараларын жеделдетуді талап етті.
Басқосуда Тараз қаласы мен аудан әкімдері қолға алынған құрылыс жұмыстарының қарқыны бойынша есеп берді.
Аппараттық кеңесте «қызыл сызық» құрылыс нормасының сақталуы туралы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев баяндама жасады.
Ербол Қарашөкеев аталған мәселе бойынша жауаптыларға жұмысты жүйелеп, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.