Мемлекет басшысы АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады

0 271

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-америка қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.

Бұл ретте Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.