Көлікте телефонға үңілген келіншек 5 жасар баланы қағып кетті
Алматы облысында көлік тізгіндеген әйел 5 жасар баланы қағып кетті. Бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Баланың туыстары жол-көлік оқиғасына кінәлі адам жауапкершіліктен құтылуы мүмкін екеніне алаңдаулы.
Қайтыс болған баланың тәтесі қайғылы оқиға 10 мамыр күні Саймасай ауылындағы үйдің маңында болғанын хабарлады.
«Бала жол жиегінде ойнап отырған. Көлікте жолға емес, телефонға қарап отырған әйел сол кезде жылдамдығын асырды. Көлік жол жиегіне, дәл бала отырған жерге шығып кетіп, оны қағып кеткен. Тіпті оқиға орнынан қашып кетпекші болды, мұның бәрін көршілер де көрді. Ал келіншек көлігінен де түскен жоқ», дейді баланың туыстары.
Олардың айтуынша, бала бірден көз жұмды. Алайда жол апатынан кейін полиция қызметкерлері кінәліні ұстамады.
«Ол тіпті баланың ата-анасына да келмеді, кінәсін мойындамады. Жол-көлік оқиғасына байланысты сараптамалар жасалған жоқ. Полиция қызметкерлері көліктен қанды сүртіп қойған, баланың аяқ киімдерін мүлдем басқа бағытта қойып қойған, тіпті жол жигеніде отырған баланың суретін тасжолға салып қойған», дейді марқұм баланың нағашысы.
Анықталғандай, көлік тізгіндеген әйел мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.
Алматы облысының Полиция департаменті 10 мамырда Саймасай ауылында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болғанын растады.
«Саймасай ауылында «Опель-Астра» көлігінің жүргізушісі жолға шығып кеткен жас баланы қағып кетті. Кәмелетке толмаған бала есін жимай, аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды», деп хабарлады полиция қызметкерлері.
Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.