КӘСІП КЕҢЕЙСЕ — ТАБЫС АРТАДЫ

0 47

Бүгінде еліміз бойынша тірліктің көзін тауып, кәсіппен айналысқан азаматтардың қатары артып келеді. Ісіне қан жүгіртіп, кәсіптен нәсібін айырып отырған жандарды кездестіргенде үлгі көріп, қызығушылық танытатынымыз рас. Көбіне көп іске бейім, кәсіпке икемі бар осындай азаматтар өзгелердің жұмысқа деген ынтасын арттырып, тәуекелін туғызады.

 Бұл бағытта мемлекет тарапынан әлемдік тәжірибеде бар түрлі бағдарламалар қабылданып, жүйелі түрде жүзеге асырылып та жатыр. Нақты кәсіпкерлікке негізделген бағдарламаның тиімді тұстары көп. Соның бірі-«Нәтижелі жұмыспен қамтуды  және  жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы». Мұндағы ерекшелік несиені 6 пайыз үстемемен 5 жылдан 6,5 жылға дейін алу қарастырылған. Ал көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 пайызбен 6 млн. теңгеге дейін несие беру назарға алынған. Мәселен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан көлемінде соңғы бес айда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на 161,4 млн. теңгеге 45 өтінім берілген. Оның ішінде, 120,9 млн. теңгенің 36 жобасы оң шешімін алса, 43,5 млн. теңгені құрайтын 9 жоба қарауда жатыр. Бұл жерде жеке азаматтармен кәсіпкерліктің қыр-сыры бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тығыз байланыс орната білген қаржылық ұйым өкілдерінің еңбегін айпай кетуге болмас. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың сөзінше, қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Агрокредиттік корпорация» АҚ, сондай-ақ, «Әулие-Ата несие серіктестігі»  жергілікті жеке кәсіп субъектілерімен қаражат мәселесін шешіп беру бойынша жұмыс жасап отырған көрінеді. Сөзімізге дәлел болсын, бағдарлама шеңберінде тірлікке білек түріп, іс бастаған жандардың бірқатарына тоқтала кетсек.

Мемлекет қолдауын тиісті мақсатқа жарата білген кәсіпкердің бірі-Нұрғали Ескенов. Жеке сектордағы үйінің іргесінен болашақ дүкеннің қабырғасын көтерген ол көпбалалы отбасы ретінде 4 пайыздық үстемемен 2,8 млн. теңгені несиеге рәсімдейді.

-Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері- ең өтімді тауарлардың бірі. Сондықтан, жолдасымыз екеуіміз осындай шешімге келдік. Дүкеннің ашылғанына 1 айға уақыт жуықтап қалды. Оны «Самал» деп атадық. Саудамыз да енді реттеліп келеді. Алынған қаражатқа сөредегі сұранысы көп тауар түрлерін арттырмақпыз. Көпшілік те бағасы тиімді, тауары көп дүкендерге келеді емес пе,-дейді жеке кәсіпкердің зайыбы Замира Әбіш.

Кәсіпкердің алдағы жоспары — бастаған істі жалғастырып, сауда көлемін кеңейту.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаражат алып, жұмыс бастаған Айгүл Айтжанованың кәсібі де осыған ұқсас. 2014 жылдан бастап кәсіпкерлікке ден қойған Айгүл бүгінде бұл салада біршама тәжірибе толықтырған. Бастапқыда «Бизнес-Бастау» қысқа мерзімді курсінен сабақ алған ол қаржылық ұйымдардан 3 млн. теңге рәсімдеп, азық-түлік дүкенін ашады. Уақыт өте тауар түрлерін көбейту үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарттарымен танысып, тауар түрлерін көбейтуге бел буады. Қаладағы дүкен санының көбеюі, көпшілік сұранысының артуы осындай шешім қабылдауға түрткі болады. Айгүл Айтжанованың сөзінше, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру-басты міндет. Келетін табыс та осыған байланысты көрінеді.

Бүгінде бағдарлама аясында қаржылық ұйымдар арқылы 6 пайызбен екінші рет несие алған оның ендігі мақсаты- кәсібін кеңейту. Өйткені, сауда сөрелерін түрлентіп, тауар қорын толықтырып отыру кәсіп иелерінің басты шаруасы.

Aulieatanews, Талас ауданы.