Елордадағы мектептерде бейнекамералар бірыңғай жүйеге қосылды
Жаңа оқу жылы қарсаңында елорда мектептеріндегі қауіпсіздік инфрақұрылымы күшейтілді. Бүгінде қаланың мемлекеттік мектептерінде 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы Ахуалдық орталық пен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Қауіпсіздік жүйесін жаңғырту жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіліп жатыр. Жобаның алғашқы кезеңі аясында 2025 жылы Астанадағы 100 мемлекеттік мектепке 1 940 бейнебақылау камерасы мен 100 SOS батырмасы орнатылды.
Сонымен бірге 122 мектепте бұрыннан жұмыс істеп тұрған 6 900-ден астам камера бірыңғай қауіпсіздік жүйесіне біріктірілді. Бұл мектептердегі жағдайды орталықтан бақылап, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жүйенің тағы бір маңызды бөлігі – жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика. Ол төбелес, буллинг, күдікті адамдардың әрекеті және басқа да штаттан тыс жағдайларды автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтерге белгі береді.
Қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметовтің айтуынша, мақсат – қауіпсіздік камералары арқылы оқиғаларды тіркеумен ғана шектелмей, ықтимал қатерді алдын ала анықтап, оған әрекет ету уақытын қысқарту.
Жаңа оқу жылы қарсаңында мамандар мектептердегі жабдықтардың техникалық жағдайын тексерді. Атап айтқанда, камералардың қамту аумағы, SOS батырмаларының жұмысы, бейнежазбалардың тұрақты берілуі және бейнеаналитика жүйесінің тиімділігі қаралды.
Жобаның соңғы кезеңін 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша елорданың мемлекеттік мектептерінде барлығы 5 800-ден астам жаңа бейнебақылау камерасы мен 300 SOS батырмасы орнатылады.
Жоба Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы мен «Astana Innovations» АҚ бірлесіп жүзеге асырып жатыр.