Елімізде ипотека бойынша максималды мөлшерлеме өзгерді
Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу тәртібі өзгерді. Енді ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаның көлеміне байланысты белгіленеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Ережеге сәйкес егер тұрғын үй сатып алушы пәтер құнының 30 пайызын өз қаражаты есебінен төлеп, қалған 70 пайызын ипотека арқылы рәсімдесе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) ең жоғары шегі 20 пайыз болады.
Ал бастапқы жарна 30 пайыздан төмен, ал несие сомасы тұрғын үй құнының 70 пайызынан жоғары болса, ең жоғары ЖТСМ бұрынғыдай 25 пайыз деңгейінде сақталады.
Пәтердің құны сатып алу-сату шартында көрсетілген баға мен тәуелсіз бағалаушы белгілеген нарықтық құнның қайсысы төмен болса, сол бойынша есептеледі.
Бұл өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал оған дейін ипотекалық несиелер бойынша қазіргі 25 пайыздық шекті мөлшерлеме сақталады. Мұндай шешім бастапқы жарнасы жоғары ипотекаларға қолжетімділікті арттыру үшін қабылданған.
Айта кетейік, елімізде басқа несие түрлері бойынша мөлшерлемелер өзгермейді. Атап айтқанда, кепілсіз банктік несиелер үшін – 46 пайыз, кепілмен берілетін несиелер үшін – 35 пайыз, ал микрокредиттер бойынша ең жоғары жылдық мөлшерлеме 179 пайыз деңгейінде қалады.