eGov.kz порталында білім туралы құжаттарды тану қызметі пайда болды

0 279

Енді пайдаланушылар онлайн режимінде электрондық үкіметтің порталында жоғары, орта, техникалық және орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттарды тану қызметіне өтінім бере алады. Бұл пайдаланушыларға білім туралы бұрын алынған құжаттардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

«Қызметті алу нәтижесінде пайдаланушы бұрын жоғалған құжаттың түпнұсқалығын тану туралы куәлік ала алады және шетелде алынған білімнің түпнұсқалығын растай алады. Қызмет Қазақстанда және одан тыс жерлерде білім алғанын растайтын құжаттарға қолданылады», деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері.

Қызмет құжаттардың екі санаты: орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттар бойынша жұмыс істейді.

 Қызметті алу жолдары:

— eGov.kz порталында авторизация жасаңыз;

— «Білім» бөліміне өтіңіз;

— қызметтер тізімінен құжаттың қажетті санатын таңдаңыз: «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттарды тану» немесе  «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану»;

— барлық қажетті өрістерді толтырыңыз және файлдарды жүктеңіз;

— қызметке ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қойыңыз (міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет);

— Жеке кабинетте сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысу, ол көрсетілген уақыт ішінде келіп түседі.

Сондай-ақ бұл қызмет түрі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшелерінде офлайн режимінде қолжетімді.