Биылғы пітір садақа мөлшері белгілі болды

0 57

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы оразаның пітір және підия садақасының мөлшерін белгіледі, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі  BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Бұған дейін пітір садақасы адам басына 640 теңге болып бекітілгенін жазсақ, підия мөлшері 3400 теңге болып белгіленді.

Підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді, — делінген ҚМДБ хабарламасында.

Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан бір сағ (4 кг), яки осылардың ақшалай құны беріледі.

2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:

Бидай 2 кг – 341 теңге.

Ұн 2 кг – 640 теңге.

Арпа 4 кг – 701 теңге.

Мейіз 2 кг – 5745 теңге.

Құрма 4 кг – 8536 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені, шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.