ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ ҚАТЕРДЕН САҚТАЙДЫ

0 32

Қаратау темір жол станциясы аумағында «Тоқтаңыз! Басып кету қаупі бар!» акциясы өтті. Қыркүйек айының 20-25 жұлдызы аралығына жоспарланған аталмыш акцияны өткізудегі мақсат-темір жол бойында орын алатын қауіптердің алдын алу, пойыздардың адамдарды басып кету фактілерін болдырмау, сондай-ақ балаларды теміржол бойындағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне дағдыландыру. Профилактикалық шара барысында қаламыздағы С. Сейфуллин атындағы орта мектепте жиын өтіп, оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталмыш мектеп темір жол бекетіне жақын орналасқандықтан кейбір оқушылар шойын жолдың бойымен қатынайды, көп жағдайда қауіпсіздікті ұмыт қалдырады. Міне, сондықтан түсіндіру жұмыстары  осы мектеп оқушыларымен кеңінен жүргізілді. Жиын барысында «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында мектеп инспекторы Н.Арип баяндама жасаса, Талас ПБ қызметкері Ж.Шойбеков кәмелетке толмағандар арасындағы түрлі құқық бұзушылықтар жайлы, оларды болдырмау бойынша кеңес берді. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында жиі орын алатын топтық төбелес салдары қылмыстық жауапкершілікке соқтыратынын да түсіндірді. Соңғы кезде жасөспірімдер арасында жиі орын алып жүрген тағы бір заңсыз әрекет ол ата-анасының рұқсатынсыз көлік жүргізу де, көп жағдайда мұндай құқық бұзушылық соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтыратындығын, сол үшін ата-ана жауапқа тартылатындығын жеткізді.

Акция барысында сондай-ақ, темір жол бекеті аумағында орналасқан елді мекен тұрғындары арасында да  қауіпті аймақ маңына мал жаймау, балаларды қараусыз қалдырмау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша түсіндірілді. Тұрғындардың құқықтық санасы мен  мәдениетін арттыру және темір жол бойында  орын алатын түрлі деңгейдегі жазатайым оқиғалардың алдын алуда мұндай профилактикалық шаралар темір жол қызметкерлерімен тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Нұржан Мырзатов,

Қаратау станциясындағы ЖПБ бастығы, полиция майоры.