Ашық банкинг асығыстықты көтермейді

0 111

Отандық қаржы жүйесінің белсенді цифрлануы нәтижесінде көп өтпей кез келген тұтынушы смартфонындағы бір банк қосымшасы арқылы бірнеше банктегі қаржылық жағдайын бақылап отыруға қол жеткізеді. Яғни, банктің мобильді қосымшасымен жеке каби­нетке кіріп, бірнеше шотты бас­қаруға және тұрақты төлем мен ауда­рым­дарды жүргізуге, қаржылық есеп­тілікті оңтайландыруға, өзінің кірісі мен шы­ғы­сын талдауға мүмкіндігі бар.

Мұндай бастама Ұлттық банктің (ҰБ) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігімен (ҚНРДА) және Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігімен (БҚДА) бірлес­іп, «Open API» және «Open Banking»-ті дамы­тудың 2023–2025 жылдарға арнал­ған жобасы аясында іске асырылып отыр. Әлемнің елу шақты елінде қолданылып келе жатқан «Open Banking» (ашық банктік қыз­меттер) – жүйесі ақпарат алмасудың жаһанда та­нылған хаттамасы болып саналатын «Open API» технологиясына негізделген. Әрбір банк осы бағдарламалық интерфейсті өз бетінше жасайды. Бірақ, Ұлттық банк рет­теуші оператор ретінде стандарттарды бе­ріп отырады. «Open API» – банк пен үшін­ші тарап ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды білдіріп, насихаттайтын интег­ра­циялық байланыс түрі.

«API» технологиясы арқылы құрылған ашық деректердің интернет-платформасы қаржы компанияларына инновациялық өнім мен қызметті, мәселен, қаржылық әдет­терді талдау сервисін және клиенттің жеке ақпаратымен жұмыс істейтін кез келген бас­қа қосымшаларды ұсына алады. Екін­ші деңгейлі банк бөлімшелерінде транз­акциялар бойынша үзінді көшірмелерді, визалық орталыққа ұсыну үшін басып шығаруды қажет етпейді. Банктерден ашық «API» арқылы ақпарат беруді және үшінші тараптармен қауіпсіз деректер алмасуды қамтамасыз етуді талап етеді. Жалпы алғанда, ашық банкинг көмегімен клиент өзінің қаржылық деректерін икемді басқара отырып, белгілі бір қаржылық ұйымнан шоты, транзакциясы, теңгерімі, теңгерім қалдығы туралы ақпарат алады.

Мәселен, клиент үшінші тарап ұйымына өзінің шоты туралы ақпаратты көруге рұқсат берген кезде, бір мобильді қосымша арқылы барлық банктік шоттарды, транзакцияларды, ақша қозғалысын көруге, басқаруға, жеке қаржылық талдама жасауына мүмкіндігі бар. Бұл келісім цифрлы түрде жүзеге асы­ры­лады. Клиенттің қаржысына емес, тек шот туралы ақпаратқа қол жеткізуге бола­ды. Мұнда аутентификацияның, сәйкес­тендірудің, ақпараттық қауіпсіздік стан­дарт­тарының, қатысушыларға, мобильді қосым­шаның өзіне, яғни қатысушының инфрақұрылымына басқа да талаптардың дұрыс құрылған әдістері қамтылып, бәрі де толықтай реттеуші енгізулермен шешіледі.

Ашық банкингтің әлемдік тәжірибесіне көз жүгіртсек, Еуропалық одақта 2016 жылы барлық банкті клиенттің келісімімен «API» арқылы клиент туралы ақпаратпен бөлісуге міндеттеген. Бұл ашық банкингтің дамуына түрткі болды. Қазіргі кезде ашық банкинг елуден астам елде енгізіліп жатыр. Ұлыбритания мен Бразилияда «Оpen API» стандарттарын орындау міндетті бол­са, АҚШ-та нарық қатысушылары, қар­жы ұйымдары ерікті форматта белгілі бір стандарт бойынша ақпаратпен алмасады. Англияда 6 миллионнан аса, Үндіс­танда миллиардтан аса ашық банкинг қолда­нушысы бар. Ресей «Open Banking» тұжы­рымдамасын жариялады және қазір «Open Finance» бағытында жұмыс істеуге кірісті.

Бізде ашық банкинг тұжырымдамасын кезең-кезеңімен енгізудің стратегиялық жос­пары шеңберінде 2023 жылға жоспарланған қанатқақты жобаның негізгі кезеңдері іске асырылып жатыр. «Клиенттің ағымдағы шоттары туралы ақпарат алмасу» бойынша  қанатқақты жоба 2023 жылғы 1 қараша­да іске қосылған болатын. Оған екінші дең­гей­лі банктер мен 128 адамнан тұратын шектеу­лі фокус-топ (жобаға қатысушы банк клиент­тері) қатысты. Ашық банкингті іске асыруда алдымен клиенттің шоты, шоттағы қалдық және транзакция туралы ақпарат беріле бастайды. Әзірге қатысушылар саны шектеулі болғанымен, 2025 жылдың соңына қарай толығымен көшу жоспарланып отыр. Жобаны қолдайтындар да, күмәнмен қарайтындар да бар.

Экономист Арман Байғанов ашық банкинг тұжырымдамасын ұзақ уақыт пісіріп, байыппен дайындау керек деп санайды. «Қазақстанда «Open API» және «Open Banking» жүйесін дамыту тұтынушыларға да, қаржы ұйымдарына да тиімді. Өйткені, қазір барлығы онлайн атқарылады. Кей­бір нотариаттық мәселелерді де «ЭЦҚ» ар­қы­лы үйде отырып жүзеге асыруға болады. Дегенмен, ашық банкинг көптеген қар­жы ұйымын өз қызметкерлерінің санын қысқартуға мәжбүрлейді. Егер бәрі цифр­ландырылса, неге олар кеңсе мен қызмет­керлерді ұстап отыруы керек. Шығындарды азайту арқылы қаржылық шығындарды азайта алады ғой. Бұдан тұтынушының өзі де пайда көреді, пайыздық мөлшерлемелер де төмендейді», дейді экономист.

«MVoter» стартабының басшысы Тимур Айсауытов ақпараттық қауіпсіздікке реттеу­ші оператор ретінде Ұлттық банк жауапты болуға тиіс дейді. «Ұлттық банк «Open API» экожүйесіне жауап береді, сондықтан ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Ақпарат барлық қосымша бойынша қатаң бақылауға алынуы керек. «Open API» әлемнің көпте­ген дамыған елінде жүзеге асырылған. Солардың ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі тәжірибесін біз пайдалануымыз керек», дейді маман.

Сарапшылар арасында жаңа жобаның кемшілігін көріп жатқандар да бар. Эко­номист Марат Абдурахмановтың айтуынша, «Open API» жүйесінің қаржы институттары өз клиентіне көбірек қызметті сата алатындай етіп қарастырылған тұстары бар. «Мен бұл тұжырымдаманы қарадым. Қаржы қызметтерін көрсету үшін үшінші тұлғалар біздің жеке деректерімізге қол жеткізе алады. Шындығында, бұл жүйе банктердің көбірек қызметтерді сата алатын және комиссияларды қазіргідей қағазға емес, электронды түрде шағын әріптермен жаза алатындай етіп жасалған», дейді.

Ұлттық банктің хабарлауынша, тұжы­рым­даманы әзірлеу аясында ҰБ, ҚНРДА және БҚДА реттеушілері екінші деңгейлі банктермен алдын ала талқылаулар жүргізді. Сондай-ақ банктер арасында «API» технологиясын пайдаланудың ағымдағы мәртебесі нақтыланды, ашық банктік қызмет көрсетуді енгізудің инфрақұрылымдық және реттеуші негіздеріне бағалау жүргізілді.

«Қаржы секторының осы цифрлық саласын дамыту ЕДБ және «Open API» базасында төлем қызметтерін өзге де жеткізу­шілердің ынтымақтастығы нәти­же­сінде жаңа қаржылық қызметтер мен өнімдердің, сондай-ақ бизнес-модель­дердің пайда бо­луына ықпал етеді. 2025 жылы еліміздегі ашық банкинг аясын­да функционалдылықты қосымша кеңейту және өзара іс-қимылды тереңдету жоспарланып отыр. Дамудың негізгі бағыттарының бірі – бизнес-сце­на­рийлерді «Оpen API» технологиясы негізінде екінші деңгейлі банктердің қызметі деңгейіне дейін кеңей­ту. Бұл қаржы саласында цифрлық трансформацияны қамтамасыз ете отырып, не­ғұрлым күрделі және әртүрлі өнім­дер мен қызметтерді біріктіруді қамти­ды», делінген ҰБ мәлімдемесінде.