Көне шаһардың келбеті жаңарады

0 10

Тараз қаласының сәулеттік келбетін жүйелеу және заманауи талаптарға сай дамыту мәселелері қала билігінің басты назарындағы бағыттардың біріне айналып отыр. Осыған орай шаһар әкімі Бақытжан Орынбековтың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте қаланың сыртқы бейнесін жақсарту, сәулеттік тұтастықты қалыптастыру және бірыңғай дизайн тұжырымдамасын енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жиын барысында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай Тараз қаласы үшін әзірленіп жатқан дизайн-код жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, құжат қаланың тарихи ерекшелігін сақтай отырып, урбанистикалық талаптарға сай дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кеңесте Мемлекет басшысының қалаларды дамыту, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы да қаралды. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Тараздың сәулеттік келбетін біріздендіру, көшелердің эстетикалық тартымдылығын арттыру және қоғамдық орындарды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.

Әзірленіп жатқан құжат аясында ғимараттардың сыртқы келбетін реттеу, көше жиһаздарын орналастыру, аялдама павильондарының үлгісін біріздендіру, жарықтандыру жүйелерін жаңарту, навигациялық белгілер мен сыртқы жарнамалардың орналасуына қатысты ортақ талаптар енгізу көзделуде. Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.

Кеңес барысында шаһардың тарихи бөліктерін сақтай отырып дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар Тараздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи болмысын жоғалтпай, жаңа тұрғын аудандардың сәулеттік үйлесімін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту, демалыс орындарын көбейту және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырылды.

Жобаларды тиімді жүзеге асыру мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына бөлім басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері енгізілді. Алдағы уақытта жұмыс тобы тұрғындар мен сарапшылардың ұсыныстарын жинақтап, қаланың сәулеттік келбетін жаңғыртуға бағытталған бастамаларды үйлестіретін болады.

Мамандардың пікірінше, әзірленіп жатқан дизайн-код Тараз қаласының алдағы жылдардағы урбанистикалық дамуының негізгі бағдарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжатқа айналады. Бұл бастама көне шаһардың тарихи мұрасын сақтай отырып, оның заманауи әрі тартымды келбетін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.