Алаяқтық жасаған күдікті ұсталды
Жамбылдық полицейлер «ОЛХ» хабарландыру сайты арқылы жоқ тауарларды сатты деген күдікпен облыс орталығының 28 жастағы тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.
Ол аталған сайтта тоңазытқышты және автокөлікті арзан бағаға сататыны туралы жарнама орналастырған. Сатып алуға ниет білдіргендердің қатары көп болған. Оларды бағасының өте арзандығы да ойландырмаған. Тауар үшін алдын ала төлемді күдіктінің банк картасына Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының екі тұрғыны және екі алматылық азамат аударып жіберген.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті кінәсін толық мойындады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындарға бейтаныс адамдардың банк карталарына ақша жібермеуге және тауарларды тек дүкендердің ресми сайттары арқылы онлайн сатып алуға кеңес береді.