Акбаев Калимжан Баймаханбетовичтың сайлауалды бағдарламасы
Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №15 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Акбаев Калимжан Баймаханбетовичтың Сайлауалды Бағдарламасы
ӨМІРБАЯН
Мен, Ақбаев Калимжан Баймаханбетович, 1971 жылы 21 сәуірде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келдім.
2004 жылы Тараз мемлекеттік университетін «Информатика және физика» мамандығы бойынша тәмамдадым.
2002-2007 жылдары Королевка орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. 2005- 2007 жылдары аталған мектепте оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқардым.
2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Бурыл ауылындағы №6 орта мектепте әлеуметтік педагог болып жұмыс істеймін.
Еңбек жолымда жауапкершілікті, ұйымдастырушылық қабілетті және талапшылдықты басты ұстаным етіп келемін. Білім сапасын арттыруға, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне және педагогикалық ұжымға қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше көңіл бөлемін.
Кәсіби білімім мен біліктілігімді үнемі жетілдіріп, өзіме жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға тырысамын. Отбасылымын, 5 бала тәрбиелеп отырмын.
АУЫЛ ДАМЫСЫН — ХАЛЫҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ АРТСЫН!
- Ауыл инфрақұрылымы. Жол жөндеу, су, жарық, газ, интернет сапасын жақсарту.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру ең алдымен елдімекеннің инфрақұрылымын жақсартудан басталады.
Осы бағытта ауылішілік жолдардың жағдайын жақсарту, тозығы жеткен көшелерді жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру мәселелерін тұрақты түрде көтеремін.
Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, ауыз судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, электр желілерінің сапасын арттыру және газбен қамту жұмыстарын жетілдіруге басымдық беремін.
Қазіргі таңда интернет сапасы да ауыл тұрғындары үшін аса маңызды қажеттілікке айналды. Сондықтан шалғай көшелер мен елдімекендерде интернет байланысының қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жөнінде тиісті мекемелерге ұсыныстар енгіземін.
Ауылдың тазалығы мен көркеюіне де назар аударып, қоғамдық орындарды абаттандыру, балалар алаңдарын жаңарту, көшелер мен аулалардың санитарлық жағдайын жақсарту бастамаларын қолдаймын.
Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, ауылдың өзекті мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған жұмыстардың жүзеге асуына ықпал етемін.
- Денсаулық және әлеуметтік қолдау. Медпунктті жабдықтау, дәрігер тарту, қарттар мен аз қамтылған отбасыларға көмек.
Халық денсаулығы-қоғамның басты байлығы. Сондықтан ауылдық медициналық пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайту, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелерін назарда ұстаймын.
Ауыл тұрғындарының аудандық немесе облыстық орталықтарға қатынауын азайту мақсатында білікті дәрігерлер мен медицина мамандарын ауылға тарту жөніндегі бастамаларды қолдаймын.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың жағдайына бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жалғызілікті қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмыс жағдайын назардан тыс қалдырмаймын.
Оларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің қолжетімді әрі уақытылы болуына ықпал етіп, мұқтаж отбасылардың мәселелерін тиісті мекемелерге жеткізуге күш саламын.
Қоғамда өзара көмек пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі бастамаларға қолдау көрсетемін.
- Білім және мәдениет. Мектеп, балабақша жағдайын жақсарту, жастарға спорт және үйірмелер ашу.
Ауылдың болашағы — білімді ұрпақтың қолында. Осыған орай ауылдағы мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оқу кабинеттерін қажетті құралдармен жабдықтау, балалардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру мәселелерін көтеремін.
Білім беру ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған жобаларды қолдаймын.
Сонымен қатар ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлемін. Жастардың спортпен шұғылдануына, өнер мен шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін түрлі үйірмелер мен спорттық секциялардың ашылуына ықпал етемін. Ауылдағы мәдени іс-шаралардың аясын кеңейтіп, талантты жастардың қабілетін шыңдауға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына қолдау көрсетемін.
- Ауыл шаруашылығы. Шаруаларға қолдау, өнімді нарыққа шығаруға көмек.
Ауыл шаруашылығы — ауыл экономикасының негізгі тірегі. Сондықтан жергілікті шаруалардың мәселелерін жүйелі түрде көтеріп, олардың мемлекеттік қолдау шараларына, субсидиялар мен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларына қол жеткізуіне ықпал етемін.
Шаруалар үшін өзекті болып отырған ағын судың қолжетімділігі, егістік алқаптарын уақытылы сумен қамтамасыз ету, ішкі каналдарды жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін тиісті орындарға жеткіземін.
- Тәртіп пен қауіпсіздік. Қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ауыл тұрғындары үшін тыныштық пен қауіпсіздік-қалыпты өмір сүрудің басты шарттарының бірі. Осы бағытта “Заң мен тәртіп” қағидатын орнықтыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту мәселелерін назарда ұстаймын.
Елдімекендердегі көше жарықтарының дұрыс жұмыс істеуін, қажет жерлерде бейнебақылау жүйелерін орнату мүмкіндігін қарастыруды және құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстарды қолдаймын.
Ауылда тәртіпті сақтау, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу.
МАҚСАТЫМ — УӘДЕ ЕМЕС, НАҚТЫ ІС!
Дауыс беріп, қолдау көрсетуіңізді сұраймын!
Тапсырыс жасаған тұлға: №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Калимжан Баймаханбетович Акбаев. Қандай қаражат ақысынан төленген:
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.