Қысқа дайындықты босаңсытуға болмайды

0 545

Қысқы жылыту маусымы аяқталды. Былтыр 12 қазанда басталып, биылғы 15 сәуірге дейін жауапты науқан бірқалыпты өтті. Ешқандай төтенше жағдай да, тосын оқиға да орын алған жоқ. Алдағы міндет — коммуналдық мекеме қызметкерлері 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына жанжақты дайындалу. Жылу қазандықтары мен жылу, су жүретін құбырларды сақадай-сай дайындау қажет. Жеке шағын қазандықтар қойылған мектеп, басқа да әлеуметтік нысандар кестеге сәйкес, толық дайын болуы керек. Көмір пайдаланылатын ауылдарда және қалалардағы жеке сектор тұрғындарына қатты отын қолжетімді болуы тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселе жан-жақты қаралды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов жылыту маусымының қорытындысы туралы хабарлама жасады. Жылыту маусымында облыста 1 миллион 98 мың гигакалорий жылу энергиясы өндіріліп, 1 миллиард 12 мың текше метр газ, Жаңатас қаласы бойынша 10,9 мың тонна мазут тұтынылған.

 – Облысымыздағы 9 жылу энергетика кешенімен, 593 автономды қазандықпен 1646 көпқабатты тұрғын үй, 1737 әлеуметтік нысан жылытылды. Жылыту маусымы кезінде жылу энергетика кешендерімен тиісті келісімшарт жасалып, 1,012 миллиард текше метр газ тұтынылды. Бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін 1,427 миллиард теңгеге 66,2 мың тонна көмір сатып алынып, толық қамтылды. Жаңатас қаласының орталық қазандығына 12938 тонна әлеуметтік мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаралып, жоспарлы мазут көлемі толық жеткізілді, – деді хабарламашы.

Бүгінде қоймада 30 тәулікке жететін 1883 тонна мазут қоры бар көрінеді. Биыл облыс тұрғындары жоспарлы 149,7 мың тонна көмірмен толық қамтылыпты. Облыс бойынша 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналыспақ. Қазір көмір сақтау тұйықтарында 5,4 мың тоннаға жуық қатты отын сақтаулы екен. Қазіргі кезде алдағы жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін барлық отын-энергетика кешендерімен дайындық жұмыстарына кіріскен. Басқарма басшысының міндетін атқарушы облыстық мәслихатпен бекітілген қағидаға сәйкес, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне, салалық басқармаларға және отын-энергетика кешендеріне алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша бекітілген іс-шараларды басқармаға 1 мамырға дейін ұсыну қажеттігін ескертті. Облыс орталығында 1328 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Көпқабатты тұрғын үйлердің 964-і жаз айларында ыстық су алады.

Мұнымен қоса, хабарламашы алдағы жылыту маусымын кедергісіз, тоқтаусыз өткізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы еске салды.

– Болжам бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 14,7 миллиард қаражат қарастырылса, бюджет есебінен 10,253 миллиард теңге бөлініп отыр. Атап айтқанда, Тараз қаласы, М-1 жылу магистралін қайта жаңғыртуға 7091,9 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ Жаңатас қаласының қазандығын газдандыруға 2560,5 миллион теңге, 2-көтерме сусорғы стансасына және бас су имаратына дизельдік генератор сатып алуға 76,2 миллион теңге, қалалық қазандықтың дизельдік генераторын сатып алуға 154,3 миллион теңге, жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге 148,0 миллион теңге бөлінген. Сол сияқты Қаратау қаласы қазандығының мазут шаруашылығын және бу қазанын қайта жаңғырту үшін 244,4 миллион теңге қарастырылған. Биыл жалпы 7,325 миллиард теңгеге 8,5 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып отыр. Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құраса, 194,6 шақырымы ауыстыруды қажет етеді, – деді Дамир Тұңғатов.

Баяндамашы облыстың 371 елді мекеніндегі 1387 әлеуметтік нысанның жай-күйіне де назар аударды. Осы нысандардың 627-сі көмірмен жылытылса, 760-ы орталықтандырылған және газдандырылған көрінеді. Облыс бойынша 285 елді мекенге газ  тартылған. 2021 жылы 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газдандыру іс-шаралары жоспарланып, бүгінге дейін 77 нысан қазандықтары газдандырылыпты. Жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін, бірінші кезекте, газдандыру қажет ететін 195 қазандықтың тізімі жасақталып, 2025 жылға дейінгі «Жол картасы» бекітілген. Қазіргі кезде 8 нысанның қазандықтарын газдандыру бойынша мердігерлер анықталып, жинақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 17 әлеуметтік нысанның (мектеп) жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру үшін облыстық бюджетке бюджеттік өтінім тапсырылған. Бұл жобалар қаржыландырылған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарын алдағы жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарланыпты.

Дамир Тұңғатов хабарламасын қорытындылай келе, көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі желілерінің тозуы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанын алға тартты. Бұл ретте өткен жылыту маусымында желілерінде ақау орын алған көпқабатты тұрғын үйлердің тізімі жасақталыпты. Нәтижесінде 79 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізуге салалық министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылып, 5,968 миллиард теңге қаралған екен. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымына дайындық барысында жүргізілмек.

Облыс әкімі күн тәртібіне орай туындаған мәселелер бойынша қала, аудан әкімдерінен, сала басшыларынан жауап алып, алдағы жылыту маусымына дайындық жоғары деңгейде болуы қажеттігін ескертті.