Жайық өзенінде су деңгейі бір тәулікте 8 сантиметрге көтерілді
БҚО-да Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы гидробекетінде 776 сантиметрге (қауіпті деңгей – 850 см) жетті, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазгидромет» БҚО филиалының мәліметінше, су деңгейі бір тәулікте 8 сантиметрге көтерілген.
Бәйтерек ауданы Январцево елді мекенінде кешегі деңгейде (802 см) қалса, Көшімде 765 (+14), Тайпақ ауылы тұсында 471 (+12) сантиметрге жетті.
Сонымен қатар Көшім каналында су деңгейі 1 сантиметрге жоғарылаған (821 см, қауіпті шектен 21 сантиметрге жоғары).
Казталов ауданы Жалпақтал ауылында Қараөзен деңгейі 8 сантиметрге көтерілді (627 см, қауіпті шегі – 790-820 см).
Өңірдегі басқа өзендерде су деңгейі төмендеп келеді.
Соның ішінде Жайыққа құятын Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында 728 сантиметрді (-15, қауіпті шегі – 1300 см) көрсетті.