Президент кеңесшісі қаламгерлермен кездесті

0 1 070

Бүгін ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келді деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мәлік Нұржанұлы сапар барысында облыстық «AMANAT» партиясының баспасөз үйінде киелі өңірдің журналистерімен жүздесті. Аймақ тілшілерімен өткен кездесу барысында еліміздегі саяси реформалардың маңыздылығымен қатар, оның қолданыстағы аясы кеңінен талқыланды.

Басқосуда ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев БАҚ саласында орталық қана емес, өңірлік басылымдардың да жұмысы аса маңызды екенін алға тартты. Жиында ақпарат саласымен өзекті әлеуметтік мәселелер де көтеріліп, журналистер тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жиында сөз алған Республикалық аймақтық «САЛЫҚ ТӘРТІБІ» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай жалпы баспасөздің қоғамдағы рөлі туралы айтты.

– «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң тезірек қабылданып, онда журналистердің мәртебесі анықталып, аталған саладағы қордаланған мәселелердің шешілуіне септігі тисе жақсы болар еді.  Қосымша жалақы мәселесі де бар. Мәселен, жыл басында аймақ журналистерінің уақытылы жалақы ала-алмайтындығын назарға алып осыдан барып газет журналистері мемлекеттік тапсырыс орындауға мәжбүр екенін атады. Бұған қоса газетті таратушы поштаның да жұмысының әлсіз екенін алға тартты.

Келелі басқосуда Мәлік Отарбаев әлеуметтік желілердің қоғамға кері әсері блогерлердің көбейіп кетуі туралы  да әңгіме қозғады. Мәселен, интернеттегі ақпараттың мағынасыз екенін және оны қорыту мүмкін емес екенін алға тартты. Ақпарат таратушылардың арасында екіауыз сөзді құрай алмайтындар көп. «Қысқа жазу керек» деген ұстаныммен бірнәрселер жарияланып жатады. Қысқалық керек, әрине. Дегенмен, елдің бәрінде бірдей шығармашылық қабілет жоқ қой. Қазір жалған ақпарат көп. Қате көп. Оқырман ақ пен қараны ажырата алмайтын халге жетті. Газетті «өлтіріп алмауымыз» керек. Сенімді ақпаратты газет журналистері таратады. Журналистердің арасында сауаттылар да осы саланың қызметкерлері, — деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.

Кездесуде журналистер Мәлік Отарбаевқа БАҚ саласындағы қордаланған өзекті мәселелер туралы сауалдар қойып, жан-жақты жауап алды. Естелікке Жамбыл өңірінің журналистерімен суретке түсті.