Негізгі мақсатымыз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда облысымыздың ішкі істер органдары қандай жұмыстар атқаруда? «Aulieatanews» ақпарат агенттігі тілшісінің Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзинмен сұқбаты осы төңіректе өрбіді.
– Арманбек Хакімбекұлы, 2023 жылды қалай қорытындыладыңыздар?
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 8,3%-ға төмендесе, 2023 жылы төмендеу 15%-ды құрады. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 19,4%-ға азайды, қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар (19%-ға), мас күйінде жасалған (8,6%-ға), кәмелетке толмағандармен орын алған (28,1%-ға), адамдар тобымен (13%-ға), қару қолданумен (53%-ға) жасалған қылмыстар төмендеді. Адам өлтіру, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, тонау, бұзақылық, ұрлық және оның ең көп таралған түрлері: пәтер ұрлығы, қалта, ұялы телефон, мал ұрлықтарына қатысты қылмыстарды ашу деңгейі артты. Қысқаша айтсақ, көрсеткіштер қылмыстық жағдайдың тұрақтылығын білдіреді.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарына жаңа технологияларды және цифрландыруды енгізу қандай өзгерістер әкелді?
– Біз полиция қызметін цифрландыруды кезең-кезеңімен дамытып жатырмыз. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді. Біздің департамент озық технологиялармен жабдықталған. Мысалы, ПД Жедел басқару орталығында қызметкерлердің күнделікті жұмысына көмектесетін аналитика функциясы бар «Брифкам» бағдарламасы орнатылған.
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолын автоматты режимде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 25 экипаж патрульдейді. Бүгінгі таңда апаттар жиі болатын республикалық трассалардың учаскелерінде «Автоураганның» 22 данасы орнатылды, 25 «Арқан» және «АвтоСканнар» мобильдік кешені жұмылдырылды, ал қалада «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені 48 бекетте орнатылды. Облыс бойынша жол қауіпсіздігін бақылау үшін жалпы 420 камера пайдаланылады. Сондай-ақ, қалалық патрульдік полиция батальонына 25 электромобиль алынды. Электромобиль машиналарын сатып алу – уақыт талабы және ең бастысы біздің экологияға ұқыпты қарау болып табылады. Техникалық қызмет көрсетуді есептеу әрбір электромобильден 600 мың теңге бюджет қаражаты үнемделетінін көрсетіп отыр. Яғни, жанар-жағармаймен жүрмейтін, ішкі жану қозғалтқышының және басқа да құрылымдық ерекшеліктерінің болмауына байланысты автокөлік қосымша жөндеулер мен шығындарды қажет етпейді. Тағы бір артықшылығы қашқан көліктерді қуғанда жылдамдықты тез арттыра алатындығы болып тұр.
Біз облыстың автожолдарында жол-көлік оқиғаларын – 16,6%-ға, зардап шеккендер санын – 13,5%-ға, қаза тапқандар санын 1,4%-ға төмендете алдық. Бірақ, көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, біз қуана алмаймыз. Өйткені, әрбір санның артында адамдардың өмірі мен тағдыры тұр. Әрбір жол апаты – қаншама отбасылар үшін орны толмас қайғы.
Бүгінде кейбір отбасыларда бірнеше автокөлік бар. Көптеген ата-аналар балаларына көлік сатып әпереді, алайда көлік жүргізу мәдениетіне тәрбиелеуге назар аудармайды. Ең бастысы, олардың бойында өздері үшін ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін де жауапкершілік сезімін қалыптастыру керек. Өйткені ережелерді сақтамау – үлкен қауіптің бірі болып табылады және қайғылы жағдайларға әкеп соғады.
Жылдың жылы мезгілдерінде электросамокаттар мен скутерлер алаңдатушылық туғызады. Жастар жол қозғалысы ережелерін сақтамай, қаланың және облыстың автожолдарымен өздеріне және басқаларға қауіп-қатер төндіре отырып жүреді. Нәтижесінде, бір жыл ішінде жаяу жүргіншілерді соғып кетудің 383 дерегі тіркелген.
Жаяу жүргіншілер де жолдан өту ережелерін жиі бұзады. Азаматтар, балалары бар ересек адамдар бұзушылық жасап, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтетін жағдайлар көптеп кездеседі. Біз жолдан ережелерге сәйкес өтуде балаларға үлгі болу керекпiз. Егер жас аналардың өздері кішкентай балаларын арнайы креслосыз алдыңғы орындыққа отырғызып, не қауіпсіздік белдігін бекітпей, әрі көлік құралын басқара отырып, телефонмен сөйлесетін болса, біз балаларға қандай үлгі көрсетеміз?!
Облыс полициясы мен халық арасындағы диалог үшін жақсы көпір болып табылатын бүгінгі сұқбатымызды пайдаланып, мен автокөлік жүргізушілерін, сондай-ақ барша азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамын және ештен кеш жақсы демекші, оларды үйде күтіп отырған жақындары бар екенін еске салғым келеді.
Цифрландыру мәселесінде киберқылмыспен күрес жөніндегі жұмысқа да қысқаша тоқталғым келеді. Қылмыскерлер өздерінің алаяқтық сызбаларын әр уақытта жетілдіріп отыратындығын ескере отырып, Ішкі істер министрлігі «Киберпол» пилоттық жобасын іске қосты. Оның шеңберінде департаментте өңір тұрғындарын интернет-алаяқтардың айлаларынан хабардар ету, ескерту және қорғау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. «Киберпол» бөлімшесі жүргізген арнайы операциялардың қорытындысы бойынша 61 кәсіби алаяқ ұсталды, оның 28-i басқа өңірлердің тұрғындары. Өзге өңірлерден 226 «дроппер» анықталды, олар арқылы алаяқтық сызбаларын ұйымдастырушылар анықталуда. 2023 жылдың басынан бері барлығы 211 интернет-алаяқтық фактілері тіркелді.
Полиция қызметкерлерi тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың ауқымына қарамастан, алаяқтардың қарапайым азаматтарды алдап кетуi тыйылмай тұр. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, халық үшін «Алаяқтар» («Мошенники») атты фильм шығарылды. Фильмде алаяқтардың іс-қимыл сызбалары өте дәл көрсетiлген. Департамент бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Әлеуметтік желіге осы мазмұнда 45 бейнеролик дайындалып, 110 мың жадынама мен буклеттер шығарылды. Аталған бейнематериалдар учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін аумақтағы үйлердің чаттарына, мессенджерлерге таратылды. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да күшейтілетін болады.
– Жамбыл облысы туралы айтатын болсақ, әйгілі «Шу алқабын» айналып өте алмаймыз…
– Иә, өкінішке қарай, Шу алқабы жылдар бойы өзекті мәселе болып қалуда. Бұл бағытта біз азаматтық белсенділермен және ғылыми қауымдастықпен тығыз жұмыс жасап, күрес стратегиясы мен тактикасын арттырудамыз. Ұзақ жылдардан бері алғаш рет Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Е.Бадаевпен және экономика ғылымдарының кандидаты С.Құлмановпен бірлесіп гербицидтерді пайдалана отырып, қарасораны тиімді жоюды зерттеу мәселелері пысықталды. 1989 жылғы есептеулер бойынша жабайы қарасораның өсуi 138 мың гектардан астам жерді құрайды, содан бері, яғни КСРО кезінен бері зерттеулер жүргізілмеген. Облыс әкімдігінің қолдауымен зерттеулер жүргізіліп, нәтижелері бойынша өсу ауданы 62 мың гектарды құрайтыны анықталды.
Департамент тарапынан есірткі құралдарын дайындау, тасымалдау және өткізудің жолын кесу бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде 2023 жылы 562 есірткі құқық бұзушылығы анықталып, 5 тонна 837 келi есірткі тәркіленді, 2022 жылмен салыстырғанда заңсыз айналымнан 2 тонна 242 келіге артық есірткі заттары тәркіленді.
Полиция департаментінің базасында «НаркоШектеуТараз» телеграмм боты іске қосылды. Содан бері ботқа 1587 хабарлама келіп түсті. Оның 1388-і интернет кеңістігінде орналасқан сайттар бойынша. Аталған сайттардың 922-сi бұғатталды және 466-сына қатысты бұғаттау шаралары жүргiзiлуде.
– Қазiргi қоғамда отбасылық-тұрмыстық қатынастар өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл жөнiнде не айтасыз?
– Дұрыс айтасыз, қазір бұл тақырып белсенді талқылануда және ішкі істер органдарының жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Өткен жылы осындай 47 қылмыс анықталды, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 38 дерек болған. Статистикалық тұрғыдан біз тіркеудің 23,7%-ға өскенін байқадық. Бірақ іс жүзінде бұл өсім осы тұрғыдағы өзіміз анықтаған қылмыстар ғана десек болады. Бiзге белгісiз қаншама жағдайлар болып жатқанын кiм бiлсiн?!
Полицейлер құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында оны жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды да анықтайды. Қабылданған шаралармен ҚР ӘҚБтК 73-бабы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 1670 адам, ҚР ӘҚБтК-нiң 461-бабы бойынша (қорғау нұсқамасын бұзу) 160 адам жауапқа тартылды, оның 74-і әкімшілік қамауға алынды. Құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды орындамағаны үшін 98 адам ҚР ӘҚБтК 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы дағдарыс орталықтарына 165 бала мен 68 әйел орналастырылды. «Ана үйі» орталығына баласы бар 23 әйел жіберілді.
Отбасындағы жағдайдың бiрiншi кезекте бала тәрбиесіне әсер ететінi белгілі. Осыған орай, өткен жылы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар тарапынан жүргізілген рейдтік және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін полиция бөлімдеріне 7602 жасөспірім жеткізiлді. Бұл ата-аналардың балаларына тиісті көңіл бөлмейтінін және оларды бақылаусыз қалдыратынын көрсетеді. Кәмелетке толмағандар өздерінің мәселелерін бөлісуде туыстары мен жақындарына қарағанда біздің ювеналдық полиция қызметкерлеріне көбірек сенетін жағдайлар жиі кездеседі.
– Полиция мен халықтың сенімді қарым-қатынасы турасында не айтасыз?
– Бұл жерде мен полицияның сервистік моделінің рөлін атап өткім келеді. Оның негізгі мақсаты сапалы қызмет көрсету және халықпен сенімді қарым-қатынас орнату болып табылады. Осы бағдарламаны іске асыру аясында мен және қалалық-аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары азаматтармен тұрақты түрде қабылдау өткіземiз. Өткен жылы мен 423 азаматты, ал аудандық полиция бөлімдерінің басшылары 1329 азаматты қабылдады. Тұрғындардың өтініштерiнің басым бөлігі заң аясында оң шешімдерін тапты. Бұл кездесулер полиция жұмысына қатысты сынға уақытында жауап беруге және кемшіліктерді жоюға көмектеседі.
– Биылғы жылдың басымдықтары қандай?
– Осы қарқынмен әрі қарай жұмыс істейтін боламыз. Ішкі істер министрі проблемалық-бағдарланған тәсілді енгізе отырып, қылмыстың алдын алудың толыққанды жүйесін қалыптастыру міндетін қойып отыр. Қазір азаматтармен ашық қарым-қатынасқа, қызметкерлердің жеке дамуына, меритократия қағидатын нығайтуға және жеке құрам арасында моральдық-психологиялық ахуалды арттыруға баса назар аударылуда.
– Әңгімеңізге рақмет! Қиын да қажетті жұмыстарыңызда сәттілік тілейміз.