Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы неге Атырауда өтіп жатқанын айтты

0 143

Мемлекет басшысы, Ұлттық құрылтай төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөз сөйлеп жатыр, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Ең алдымен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз, — деді Президент.

Тоқаев атап өткендей, биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады.

Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды. Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі, — деп айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.