Президент волонтерлік қызметті дамыту бағытында құзырлы органдардың алдына нақты міндеттер қойды

0 52

Мемлекет басшысы Халықаралық волонтерлер форумына қатысты, деп хабарлайды Aulieatanews Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі маңызды екенін атап өтіп, еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтты.

– Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент волонтер болу, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі деп санайды. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты.

– Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын атап өтіп, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болатынын айтты.

– Маған еріктілер мен қайырымды жандардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайды. Шын мәнінде, ертеңгі жарқын болашаққа жету үшін біз бүгін батыл қадамдар жасауымыз керек. Бұл ұстаным экологиялық мәдениет пен саналы тұтыну дәстүрін қалыптастыру үшін өте өзекті. Ол үшін адамдардың сана-сезімі мен дүниетанымын өзгерту керек. Тек сонда ғана реформалардың нәтижесі тұрақты әрі мәңгілік сипатқа ие болады. Тұлғаның жеке үлгі көрсетуі және «тең – теңімен» қағидатын ұстануы волонтерліктің негізгі қозғаушы күші деп санаймын. Идеяларды белсенді түрде тарату және қайырымдылықты насихаттау қоғам дамуының жауапты азамат және патриотизм ұғымдарына негізделген жаңа парадигмаларын қалыптастыруға ықпал етеді. Осы себепті елімізде волонтерлік қозғалыстың дамуын ілгерілету үшін барынша жағдай жасалады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда 2021-2023 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту жол картасы аясында бірқатар жоба табысты іске асырылды. Мемлекет басшысы қоғамда еріктілік мен қайырымдылық дәстүрін нығайту үшін бірнеше кешенді шара қабылдауды ұсынды.

– Осы саладағы стратегиялық бағыттарды нақты көрсететін жаңа Жол картасын әзірлеу керек. Аталған құжат волонтерлік қозғалысқа тың серпін беріп, оның таяу жылдардағы дамуының басты бағыттарын айқындауға тиіс. Екіншіден, еріктілік мен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажет. Бұл бастама волонтерлік қозғалысты ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды. Төртіншіден, волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Бесіншіден, волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінің соңында Президент аталған форум бұл бағыттағы ортақ жұмыс өзекті әрі өте қажет екенін және еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің форум қатысушыларына үндеуін ұйымның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори оқып берді. Сондай-ақ жиында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да спикерлер сөз сөйледі.