Мемлекеттік бағдарламалар құрылыс секторын нығайта түсті
Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар құрылыс секторын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ өңірлердің инфрақұрылымдық жаңаруына оң әсерін тигізуде. Статистикалық мәліметтер құрылыс саласына тартылған қаржыландыру көлемінің жыл сайын тұрақты түрде өсіп отырғанын көрсетеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Облыстың да құрылыс секторында ілгерілеу бар. Мәселен, осы жылдың 9 айында облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 283,7 миллиард теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104 пайызға жетті. Өсім бірқатар ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында су құбыры және су жинау құрылыстарын реконструкциялау, Сарысу ауданында химиялық заттар өндіру кешені мен кальцийленген сода өндіретін зауыт салу, сондай-ақ Шу ауданында жүгеріні қайта өңдеу кәсіпорны мен металлургия зауыттың салу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жобалар құрылыс жұмыстарының көлемін арттырып қана қоймай, облыстың өндірістік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға негіз қалыптастырды.
Сондай-ақ тұрғын үй қорының кеңеюі, жаңа архитектуралық шешімдер мен заманауи құрылыс технологияларының енгізілуі урбанизация процесінің үдеуіне мүмкіндік беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасауда. Сонымен бірге, саладағы цифрландыру, энергия үнемдейтін технологияларды қолдану және құрылыс материалдарын өндіруді локализациялау құрылыс индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.
Биыл өңірде жалпы 2941 пәтерді қамтитын 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде облыста жыл соңына дейін 1685 пәтерлі 35 тұрғын үй пайдалануға беру көзделген. Жалпы биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен қомақты қаржы қаралған. 9 айда тұрғын үй құрылысына 90,6 миллиард теңге бөлініп, бүгінге дейін 530,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 282,4 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді халық өз күшімен салған. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданының 46,8 пайызы көппәтерлі тұрғын үйлерге, ал 53,2 пайызы жеке тұрғын үйлерге тиесілі.
Тұрғын үймен қамту жұмыстары халықтың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Бұл бастамалар баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны сақталып, жыл соңына дейін мыңдаған отбасы жаңа баспаналы болады деп күтілуде.