Жүгеріні терең өңдеуге бағытталған жобаның бірінші кезеңін іске қосылды

0 6

Облыс экономикасының маңызды салаларының бірі болып ауыл шаруашылығы қала береді. Ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі, өйткені ол азық-түліктің негізгі өндірушісі болып табылады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыстық статистика департаментінің деректеріне сүйенер болсақ, 9 айдағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 466,6 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі 104,9 пайызға жетті.

Биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артық. Егіс құрылымына сәйкес дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 377,2 мың гектарға, майлы дақылдар 43,4 мың гектарға, қант қызылшасы 9,9 мың гектарға, картоп 8,6 мың гектарға, көкөніс дақылдары 29 мың гектарға, бақша дақылдары 9 мың гектарға және мал азығы дақылдары 177,6 мың гектарға орналастырылған. Биылғы жылы өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілген. Атап өтерлігі өңірде биыл жүгеріні терең өңдеуге бағытталған қытайлық Fufeng Group компаниясының ірі өндірістік кешенінің бірінші кезеңін іске қосты. Бірінші кезеңде жылына 500 мың тонна жүгері өңделетін болады. Жобаның жалпы құны – 800 миллиард теңге. Осыған байланысты дәндік жүгері алқабы 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 25,6 мың гектарға жеткізілген. Соның нәтижесінде 179,2 мың тонна жүгері жинау жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығының бір саласы – мал шаруашылығы. Статистика департаменті өкілдерінің айтуынша, бүгінде мал шаруашылығында оң динамика сақталуда. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мал басында өсім байқалады. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара басы 34,8, қой мен ешкі – 290,4, жылқы – 20,6 мың басқа жеткен. Ал құс басы – 445,4 мыңды құраған.

Мал шаруашылығы өнімдерінің едәуір бөлігі халықтың  жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі. Өндірілген еттің 55,8 пайызы, сүттің 79,2 пайызы және жұмыртқаның 64,9 пайызы солардың үлесіне тиесілі.

Өсімдік шаруашылығында да өндіріс көлемінің 7,1 пайызға өскені байқалды. Атап айтқанда, Т. Рысқұлов және Жуалы аудандарында өсім тіркеліп отыр. Бұл өсім негізінен дәнді дақылдар өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілген. Т. Рысқұлов ауданында дәнді дақылдар өндірісі 3,8 есе, ал Жуалы ауданында 3,5 есе өскен.