Байқаудың бас жүлдегері — алматылық әнші

0 43

Таразда Кенен Әзірбаевтың шығармаларына арналған 10-шы республикалық «Шырқа, даусым!» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Мәдени іс-шара жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Санитарлық талаптарға сәйкес көрермен концертті залда емес, онлайн көрсетілімде тамашалады.

Екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі әншілер мерекесіне биыл еліміздің әр қиырынан отызға жуық үміткер қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауға атсалысты. Қатысушылардың орташа жасы 23-ті құрады. Яғни дәстүрлі ән өнеріне аңсары ауған жастар жеткілікті деген сөз. Олардың өнерін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Саят Медеуов, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев бағалады.

Кенен Әзірбаевтың «Тік шырқау», «Шырқа, даусым!», «Көкшолақ» секілді көптеген ғажап әндерін шырқаған қатысушылардың ешқайсысы да осал емес. Бәрі де ұлттық өнердің көшін өрге сүйреп жүрген жастар.

«Биыл бұл дәстүрлі ән байқауы оныншы рет өткізілсе, мен үшінші мәрте төраға ретінде қатысып отырмын. Байқауға жастардың көп қатысқаны көңілге медеу болды. Бұл дегеніміз Кенен мұрасы мәңгі өлмейтіндігінің дәлелі», — деді Алтынбек Қоразбаев.

Үміткерлердің біразы дипломант атанып, «Көрермен көзайымы», «Күміс көмей», «Жас Үміт», «Жас дарын», «Көне Тараз» секілді аталымдармен марапатталса, бірқатары облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның арнайы жүлдесіне ие болды. Бірқатар қатысушыға Алғыс хаттар тапсырылды.

«Шырқа, даусым» байқауында үшінші орынды талдықорғандық Нұрдана Сәлімхан мен түркістандық Елбол Қуанбек өзара бөліссе, екінші орынды Алматы облысының әншісі Жігер Омархан мен балқаштық Нұрболат Ұзақбай иеленді. Шу ауданынан қатысқан Ербосын Қасымбек жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды.

Іс-шара соңында облыс әкімінің арнайы жүлдесі мен бас жүлде табысталды. Арнайы жүлдені шымкенттік Ұлсая Бектасқа, бас жүлдені ғажап даусымен қазылардың да, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленген алматылық Уатхан Шаттыққа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз қолымен тапсырды.

«Құрметті қонақтар, кие дарып, құт қонған Әулиеата өңірі — ақындар мен батырлардың жері. Біз Кенен өнерін жалғастырушылармыз. Бүгін, міне, қазақ барда домбыра, өнер, жырдың жасай беретінін көріп отырмыз. Байқауда жас таланттардың жарқырап көрінгеніне риза болдым. Сол талантты балаларды дайындап әкелген ұстаздарға алғысым шексіз», — деді Бердібек Сапарбаев.