Айнора Панжиевнаның сайлауалды бағдарламасы

0 9

БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫның ДЕПУТАТТЫҒЫНА №11 бірмандаттық  аумақтық САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША  өзін-өзі ұсынған кандидат  АБДУРАСУЛОВА АЙНОРА ПАНЖИЕВНАНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Мен, Абдурасулова Айнора Панжиевна, 1990 жылы Тәжікстан Республикасы, Қорған төбе облысында дүниеге келдім. Ұлтым — қазақ, ана тілім қазақ тілі, орыс тілінде еркін сөйлей білемін, ағылшын тілі-сөздікпен.

1997 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында Юрий Гагарин орта мектебіне 1-ші сыныпқа бардым.

2006 жылы 9-шы сыныптан соң Жамбыл облысы «Жамбыл медициналық колледжіне» түстім. 2010 жылы осы аталған колледжді «Емдеу ісі»  факультетінің «Жалпы тәжірибелі фельдшер» мамандығын тәмамдадым.

2022 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласы, «Тараз — Болашақ» жоғарғы медициналық колледжінің қолданбалы бакалаврын «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша тәмәмдадым.

2026 жылы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің “Мейіргер ісі” мамандығының бакалавры дәрежесін алдым.

2012 жылдан бастап Байзақ аудандық орталық емханасында мейіргер болып жұмыс атқардым.

2019-2026 жылдары Байзақ аудандық орталық емханасында Отбасылық денсаулық орталығының аға мейірбикесі қызметін атқарып келемін.

2026 жылдың мамыр айынан бастап Байзақ аудандық орталық ауруханасы бас мейірбикесі қызметіне тағайындалдым.

Жанұялық жағдайыма келсем: тұрмыстамын, үш баланың анасымын.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМ

«Халық денсаулығы-басты құндылық»

Менің басты мақсатым-аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға үлес қосу.

Денсаулық сақтау саласының дамуы ең алдымен медициналық көмектің сапасы мен оның әрбір тұрғынға бірдей қолжетімді болуына байланысты. Әсіресе ауылдық елдімекендерде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімді ұйымдастырылуы, тұрғындарды уақытылы тексеруден өткізу және ауру белгілері анықталған жағдайда дер кезінде тиісті мамандарға жолдау маңызды. Осы бағытта ауыл тұрғындарының сұранысын зерделеп, медициналық қызмет көрсетудегі өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын ұсыну басты назарымда болады.

Негізгі басымдықтарым:

  1. Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
  2. Медициналық пункттердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесін көтеру.

Ауыл медицинасының әлеуетін арттыру-денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі. Ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмек алу үшін аудан орталығына немесе облыс орталығына жиі қатынауға мәжбүр болмауы тиіс. Осыған байланысты шалғай елдімекендердегі медициналық пункттердің жұмысын жетілдіру, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, санитарлық жағдайын жақсарту және медициналық қызмет көрсету сапасын тұрақты бақылау мәселелерін көтеруді көздеймін.

  1. Ана мен бала денсаулығын қорғауға көңіл бөлу.

Ана мен бала денсаулығын сақтау-қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұл бағытта жүкті әйелдерді уақытылы медициналық бақылауға алу, жас аналарға қажетті кеңес беру, нәрестелердің денсаулығын тұрақты қадағалау және балалар арасында профилактикалық тексерулердің сапасын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Сондай-ақ жас отбасылардың медициналық сауаттылығын арттыру, бала күтімі мен дұрыс тамақтану жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жандандыруды қолдаймын.

  1. Аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.

Ауруды емдеуден бұрын оның алдын алу әлдеқайда маңызды. Осы орайда тұрғындар арасында профилактикалық тексерулердің маңызын түсіндіру, қан қысымы, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да кең таралған сырқаттардың алдын алуға бағытталған ақпараттық жұмыстарды күшейту қажет. Әсіресе егде жастағы азаматтардың денсаулығын бақылау, созылмалы аурулары бар тұрғындарды тұрақты медициналық қадағалауға алу және олардың қажетті дәрігерлік кеңеске қол жеткізуіне жағдай жасау мәселелерін назарда ұстау маңызды.

  1. Медицина қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету.

Денсаулық сақтау саласының сапалы жұмыс істеуі медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігімен қатар, олардың еңбек жағдайына да тікелей байланысты. Күнделікті жауапкершілігі жоғары жұмысты атқарып жүрген медицина мамандарының еңбегін бағалау, олардың әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері назардан тыс қалмауы тиіс. Осы бағытта медицина қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, еңбек жағдайына қатысты түйткілдерді тиісті деңгейде көтеруге және олардың оң шешілуіне ықпал етуге ниеттімін.

  1. Тұрғындардың денсаулық сақтау саласына қатысты өтініштері мен ұсыныстарын назарда ұстау.

Тұрғындардың пікірін ескеру және олардың өтініштеріне құлақ асу-халықпен жұмыс жүргізудің негізгі қағидаты болуы керек. Осы мақсатта денсаулық сақтау саласына қатысты азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын зерделеп, көтерілген мәселелерді тиісті орындарға жеткізуге басымдық беремін.

Менің ұстанымым: Халық денсаулығы-ел байлығы. Медицина саласындағы тәжірибемді пайдалана отырып, тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауға және өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысуға дайынмын.

Тапсырыс жасаған тұлға: №11 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Айнора Панжиевна Абдурасулова.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.