Дүйсебаев Ербол Кәрібайұлының сайлауалды бағдарламасы

0 6

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА RESPUBLICA ПАРТИЯСЫНАН №7 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ  БОЙЫНША  КАНДИДАТ

ДҮЙСЕБАЕВ ЕРБОЛ КӘРІБАЙҰЛЫНЫҢ
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

ӨМІРБАЯН

Мен, Дүйсебаев Ербол Кәрібайұлы, 1970 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Меркі ауданының Меркі ауылында дүниеге келдім.

1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі», 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 1987 жылы Аспара қой совхозында спорт әдіскері болып бастадым. 1988-1989 жылдары аталған совхозда токарь, 1989-1991 жылдары Аспара клубында киномеханик болып жұмыс істедім.

1991-1993 жылдары аудандық білім бөлімінде фильм тексеруші қызметін атқардым. 1993-1994 жылдары аудандық орталық ауруханада қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер, 1994-2002 жылдары осы аурухананың техникалық бөлімінің бастығы болып еңбек еттім.

2002-2003 жылдары Тараз қалалық №2 сотында аға сот приставы, 2003-2007 жылдары Тараз қаласының №2 аудандық сот учаскесінде сот орындаушысы қызметін атқардым.

2008-2018 жылдары Меркі ауданы әкімі аппаратында бас инспектор-заңгер болып жұмыс істедім. 2018 жылдан бастап аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы қызметін атқардым.

2019-2023 жылдары Меркі ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болып қызмет еттім.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ-нің Меркі ауданы бойынша «Мансап орталығы» филиалының директоры қызметін атқарып келемін.

Құрметті сайлаушылар!

Мен, мемлекеттік қызметте, құқық және халықты жұмыспен қамту салаларында жинаған тәжірибемді тұрғындардың мүддесін қорғауға бағыттауға ниеттімін. Бағдарламам Respublica партиясының «Қуатты экономика мен лайықты өмір партиясы» бағдарламасының ұстанымдарына негізделеді.

Депутат болып сайланған жағдайда, Сарымолдаев ауылы тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып, төмендегі мәселелердің мәслихат депутатының өкілеттігі мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде қаралуына ықпал етемін.

  1. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік. Кәсіптік оқыту мен жұмыспен қамтуға, шағын бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды қолдаймын.
  2. Мектепті жаңғырту. М.Әуезов атындағы мектеп-лицейдің ескі ғимаратын күрделі жөндеу немесе жаңасын салу, жобалық құжаттаманы қаржыландыру мәселелерін қарастыруға бастамашы боламын.
  3. Спорт кешені. Сарымолдаевтағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға қосымша қаржы бөлу мәселесінің қаралуына ықпал етемін.
  4. Ауызсу. Ойтал және Екпінді ауылдарының ауызсу желілерін жаңғыртуға қажетті құжаттаманы әзірлеу және жұмыстарды қаржыландыру жөнінде ұсыныстар енгіземін.
  5. Электрмен жабдықтау. Екпіндідегі О.Жандосов және С.Байназаров көшелеріне электр желілері мен трансформатор орнату жобасын өзектендіру және қосымша қаржыландыру мәселелерін көтеремін.
  6. Ашықтық және тұрғындармен байланыс. Жобалар мен бюджет шығыстарын тұрғындармен талқылауға, жұмыстардың сапасын бақылауға ықпал етемін. Өтініштердің қаралу барысы туралы ақпарат беруге мән беремін.

Мақсатым – №7 сайлау округі тұрғындарының мүддесін білдіріп, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету.

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат Е.Дүйсебаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.