Серғалиева Айдана Махсетқызының сайлауалды бағдарламасы

0 15

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА

№12 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША

ӨЗІН-ӨЗІ ҰСЫНҒАН КАНДИДАТ

Серғалиева Айдана Махсетқызының

Сайлауалды Бағдарламасы

ӨМІРБАЯНЫ

Мен, Серғалиева Айдана Махсетқызы, 2004 жылғы 29-қыркүйекте Ақтөбе облысы, Алға ауданында дүниеге келдім.

2021 жылы Меркі ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектепті бітірдім. 2021-2025 жылдары Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып, диплом алдым.

2025 жылы Меркі ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №20 мектепте хатшы болып жұмысқа орналастым. 2026 жылдан бастап аталған мектепте «Аға тәлімгер» ретінде қызмет атқарамын.

Отбасылымын. Бір ұл тәрбиелеп отырмын.

Қазіргі таңда тұрғылықты мекенжайым: Меркі ауданы, Ойтал ауылдық округі, Парковая көшесі, 3/1 үй.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар!

Білім мен тәрбие, балалардың қауіпсіздігі, жастардың дамуы және ауылдағы өмір сапасы – әрбір отбасы үшін маңызды мәселелер. Мектепте аға тәлімгер ретінде қызмет ете жүріп, оқушылардың белсенділігіне, олардың шығармашылық ізденісіне және қоғамдық ортадағы жауапкершілігіне ерекше мән беремін. №12 сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат ретінде төмендегі бағыттарды ұсынамын. Оларды жүзеге асыру мәселелерін депутаттың өкілеттігі мен бюджет мүмкіндіктері аясында көтеруді көздеймін.

  1. Білім беру және тәрбие жұмысы. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оқу мен тәрбиені ұйымдастыруға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды қолдаймын. Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, дебат, өнер және шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелерін көтеремін.
  2. Балалар мен жастардың қауіпсіздігі. Мектепке қатынайтын жолдарда жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен жарықтандырудың қажеттілігін зерделеп, тиісті жоспарларға енгізу жөнінде ұсыныстар білдіремін. Құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алуға, балалардың қауіпсіз бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған бастамаларға назар аударамын.
  3. Спорт және мәдени орта. Ауылдарда балалар ойын алаңдарын, шағын спорт нысандарын дамыту және қолданыстағы алаңдарды күтіп ұстау мәселелерін көтеремін. Балалар мен жасөспірімдердің спорт, мәдениет және өнер саласындағы қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік беретін жергілікті жобаларды қолдаймын.
  4. Жастардың білімі және кәсіби бағдары. Жастардың мамандық таңдауына бағыт беретін кездесулерді, кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты қолдаймын. Алғашқы еңбек тәжірибесін жинау, цифрлық сауаттылықты арттыру және пайдалы қоғамдық бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы ақпараттың қолжетімді болуына атсалысамын.
  5. Ауыл инфрақұрылымы және әлеуметтік жағдай. Ауызсу, жол, көшені жарықтандыру және абаттандыруға қатысты тұрғындар көтерген мәселелерді құзырлы органдарға жеткіземін. Көпбалалы отбасылардың, қарттардың және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігі туралы ұсыныстарды тиісті деңгейде қарастыруға ықпал етемін.
  6. Ашық байланыс және депутаттық жауапкершілік. Тұрғындармен кездесулер өткізіп, ұсыныстар мен өтініштердің заң аясында қаралуына мән беремін. Әлеуметтік маңызы бар жобалардың бюджетте қарастырылуы, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы және жұмыстардың сапасы жөніндегі ақпараттың ашық болуын қолдаймын.

Құрметті жерлестер!

Мен үшін ауылдың дамуы – ең алдымен мектепке асыққан баланың жолы қауіпсіз, жасөспірімнің бос уақыты мазмұнды, ал, ата-ананың күнделікті тұрмысы қолайлы болуы. Жас маман ретінде өзгерістердің ұсақ көрінетін, бірақ, адам өміріне тікелей әсер ететін тұстарынан басталатынын түсінемін.

Қазақ тілі мен әдебиеті саласында алған білімім және мектептегі тәрбие жұмысым балалардың өз ойын ашық айтуына, ел тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауына мүмкіндік берудің маңызын көрсетті. Сондықтан, бағдарламамда тек нысандар салуды емес, оларды балалар мен жастар тиімді пайдалана алатын орта қалыптастыруды да көздеймін.

Тұрғындардың ұсыныстары нақты әрі орындалуы мүмкін шешімдерге айналуы үшін оларды жүйелеп, жауапты мекемелерге жеткізу маңызды. Мәселе бір күнде шешілмесе де, оның қаралу кезеңдері ашық айтылып, әрбір бастаманың нәтижесі бағалануы тиіс.

№12 сайлау округінің дамуына қатысты мәселелерді назарда ұстап, білім, қауіпсіздік және қоғамдық өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарға өз үлесімді қосуды мақсат етемін.

          Құрметпен, Айдана Серғалиева!

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат А.Серғалиеваның сайлау қорының қаражатынан төленді.