Тонбай Маржан Аралбекқызының сайлауалды бағдарламасы

0 15

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА

№12 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША

ӨЗІН ӨЗІ  ҰСЫНҒАН КАНДИДАТ

Тонбай Маржан Аралбекқызының

 ӨМІРБАЯНЫ

 Мен, Тонбай Маржан Аралбекқызы, 1992 жылғы 20 желтоқсанда Жамбыл облысы, Талас ауданының Қаратау ауылында дүниеге келдім.

2008 жылы Тараз қаласындағы Абай атындағы №20 орта мектепті бітірдім. 2008-2012 жылдары Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып, диплом алдым. 2012-2015 жылдары Тараз инновация-гуманитарлық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алдым.

2015 жылы Меркі ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №20 мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. 2019-2022 жылдары аталған мектепте уақытша әлеуметтік қызметін атқардым. 2023 жылдан бастап «Кәсіптік бағдар беру маманы» ретінде қызмет атқарамын.

Отбасылымын. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар! Ауылдарды дамыту, балаларға сапалы білім мен қауіпсіз орта қалыптастыру, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу – ортақ мақсатымыз. Ұстаздық тәжірибемді тұрғындардың мүддесін қорғауға бағыттауды көздеймін. Депутат болып сайланған жағдайда, №12 сайлау округі тұрғындарының ұсыныстарын ескеріп, өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде төмендегі алты бағыт бойынша жұмыс жүргіземін.

  1. Білім беру және кәсіптік бағдар. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім нысандарын жөндеуге және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға ықпал етемін. Оқушылардың мамандық таңдауына, колледждер мен жоғары оқу орындары туралы ақпарат алуына және кәсіптік бағдарлау жұмыстарын дамытуға атсалысамын.
  2. Жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік. Жастарды кәсіптік оқыту, қайта даярлау және алғашқы жұмысқа орналастыру бастамаларын қолдаймын. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға және жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға ықпал етемін.
  3. Отбасы және әлеуметтік қолдау. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға атсалысамын. Балалардың құқықтарын қорғауға, отбасыларға кеңес беруге және әлеуметтік қызметтердің сапалы әрі әділ көрсетілуіне мән беремін.
  4. Инфрақұрылым және абаттандыру. Ауылішілік жолдарды жөндеу, ауызсу, электр және газ желілерін жаңғырту, көшелерді жарықтандыру және мектептерге тротуар салу мәселелерін көтеремін. Жобалардың жоспарға енгізілуіне, сапалы орындалуына және балалардың қауіпсіздігіне басымдық беремін.
  5. Балалар, спорт және мәдениет. Ойын және спорт алаңдарын салуға, қолданыстағыларын жөндеуге ықпал етемін. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылығын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, құқық бұзушылықтың алдын алу және мәдени-спорттық бастамаларын қолдаймын.
  6. Ашық бюджет және депутаттық бақылау. Тұрғындармен тұрақты кездесіп, депутаттық сауалдар жолдаймын. Маңызды жобалардың бюджетте қаралуына ықпал етіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға және атқарылған істер туралы есеп беруге мән беремін.

Құрметті сайлаушылар! Әрбір баланың бойында ашылмаған қабілет, әрбір жастың жүрегінде үлкен арман бар. Сол арманның жүзеге асуы көбіне оның қандай ортада өсіп, қандай білім мен тәрбие алғанына байланысты. Ұстаздық қызметімде талай оқушының болашақ мамандығын таңдауға талпынғанын, өз қабілетін танып, өмірден орнын табуға ұмтылғанын көрдім. Бүгінде кәсіптік бағдар беру маманы ретінде жастардың алдындағы маңызды таңдауларға куә болып жүрмін. Олардың біріне сапалы білім қажет, енді біріне мамандық меңгеруге мүмкіндік керек. Ал кейбір жастардың өз ісін бастап, туған ауылында еңбек етуге деген ынтасы жоғары. Осындай ұмтылыстарды қолдау ауылдың әлеуметтік және экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Төрт баланың анасы ретінде мен үшін балалардың қауіпсіздігі мен келешегі ерекше маңызды. Әрбір ата-ана баласының жақсы мектепте оқығанын, қауіпсіз көшеде жүргенін, бос уақытын пайдалы өткізгенін және ертең өз таңдаған кәсібінің иесі болғанын қалайды. Бұл – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ тілегі.

Осы бағытта әрбір ұсыныстың назарға алынып, тиісті мекемелерде қаралуына, ал жоспарланған жұмыстардың орындалуы туралы тұрғындардың хабардар болуына мән беруді көздеймін. Мен үшін маңыздысы – әрбір баланың қабілетін дамытуына, әрбір жастың өз жолын табуына және әрбір отбасының қоғам өміріне белсенді қатысуына қолайлы мүмкіндіктердің қалыптасуы. Ендеше, №12 сайлау округі тұрғындарының мүддесін білдіріп, өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ететін боламын.

            Құрметпен, Маржан Тонбай!

 

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат М.Тонбайдың сайлау қорының қаражатынан төленді.