Полиция қызметіне заманауи технологиялар енгізілуде

0 13

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс Полиция департаментінің Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Турдалиевтің қатысуымен брифинг өтті. Онда полиция қызметін цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуда заманауи технологияларды қолдану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бүгінде полиция қызметінің тиімділігін арттыруда бейнебақылау жүйелері мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне басымдық беріліп отыр. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – «Кілемді бейнебақылау». Арман Турдалиевтің айтуынша, жоба аясында облыс аумағында 91 214 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 24 488-інен түсетін бейнежазбалар Жедел басқару орталығына және полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне шығарылған. Бұл жалпы камералардың 27 пайызын құрайды.

Бейнебақылау жүйелері қылмыстарды ашуға да септігін тигізіп отыр. Жылдың алғашқы тоғыз айында ғылыми-техникалық құралдар мен Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау мүмкіндіктерін пайдалану арқылы 297 қылмыс ашылған. Бұл тіркелген қылмыстардың 58,2 пайызына тең.

Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында білім беру ұйымдарын да бейнебақылау жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілген. Облыстағы 1121 білім беру нысанының 1073-інен бейнелер Жедел басқару орталығына және полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне шығарылған. Көрсеткіш 95,7 пайызды құрайды. Аталған нысандарда жалпы саны 9 372 камера бар.

Жасанды интеллект пен бейнеаналитика мүмкіндіктерін қолдану да кеңейіп келеді. Қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті талдау функциялары бар 400 «Pelco VideoXpert» камерасы жұмыс істейді. Олар іздеуде жүрген және есепте тұрған тұлғалардың дерекқорымен интеграцияланған. Жүйе көмегімен 1 991 тұлға танылып, оның ішінде 173 адам қатесіз сәйкестендірілген. Анықталған тұлғалар туралы ақпарат тиісті сұрау салулардың бастамашыларына жолданған.

Сонымен қатар KPI нысаналы көрсеткіштері аясында түрлі бейнеаналитикалық функциялары бар 2 657 камера орнатылған. Олардың мүмкіндіктері қатарында адамның бет-әлпетін және көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану, адамдардың жаппай жиналуын, түтінді және қараусыз қалдырылған заттарды анықтау бар.

Қауіпсіздік жүйелерін аудандарда дамытуға да көңіл бөлінуде. Биыл облыс әкімдігі Қордай және Талас аудандарында жедел басқару орталықтарын құруға қаржы бөлген. Қазіргі уақытта бұл аудандардағы полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне қажетті жабдықтар орнатылып, бейнебақылау жүйелерін облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына интеграциялау жұмыстары аяқталған.

Сарысу ауданында кезекші бөлімге арналған үй-жайды жөндеу жұмыстары аяқталып, 77 бейнебақылау камерасы мен 5 «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. Талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, жабдықтар сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Меркі ауданында құрылғылар орнатылып, камераларды электрмен жабдықтау жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жуалы мен Мойынқұм аудандарында әкімшілік ғимараттарды жөндеу басталған. Қалған аудандық полиция бөлімдерінде жобаны толық іске асыру қараша айына жоспарланған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған кешендер де пайдаланылуда. Қазір облыс аумағында жол ережелерінің бұзылуын тіркейтін 64 аппараттық-бағдарламалық кешен бар. Биылғы тоғыз айда «Автосканнар» кешендері арқылы 61299 нұсқама тіркеліп, оның 55677-сі бойынша айыппұл өндірілген. «ЕКИН ПАТРОЛ» кешендері 323 нұсқама тіркеп, 303-і бойынша айыппұл өндірілген. Ал «ПаркРайт» мобильді кешендері арқылы 101209 нұсқама тіркеліп, 97906-сы бойынша айыппұл өндірілген. Құқық бұзушылықтардың жиі тіркелуіне байланысты биыл қосымша бес «ПаркРайт» мобильді кешені сатып алынып, пайдалануға берілген.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы да жүзеге асырылуда. 2025 жылы алты кешен орнатылса, 2026 жылдың қыркүйегінен бастап тағы 18 кешен іске қосылған. Осылайша, қазір облыста жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілерін тіркеуге және олардың қауіпсіздігін арттыруға арналған 24 кешен жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану сияқты құқық бұзушылықтарды анықтауға арналған қосымша кешендерді сатып алу да жоспарланған.

Полиция қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру бағытында «Цифрлық полицей» жобасы қолға алынған. Жоба аясында 2026–2028 жылдарға тұлғаны тану функциясы бар 1 174 бейнетіркегішті жалға алу туралы шарт жасалған. Ал электрондық бақылау құралдарын сервистік модель бойынша пайдалану үшін 2025–2027 жылдарға 63 электрондық білезік жиынтығын жалға алу қарастырылған. Шарттың жалпы құны – 72 миллион теңге. Электрондық бақылау жүйесі Жедел басқару орталығына интеграцияланған, бұл бақылаудағы тұлғалардың қозғалысын қадағалап, қажетті жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Байланыс құралдарын жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Тараз қаласындағы «TETRA» стандарты бойынша радиобайланыс жүйесін жаңғырту толық аяқталып, бес «Motorola Dimetra» базалық станциясы сатып алынған. Қазіргі уақытта Байзақ және Шу аудандарында «DMR» цифрлық радиобайланыс жүйесі жұмыс істейді. Қалған сегіз аудандық полиция бөлімін заманауи цифрлық байланыс жүйесімен жабдықтау 2027 жылға жоспарланып отыр.

Брифинг барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселесі де сөз болды. Биыл тоғыз дрон сатып алынған. Сонымен қатар 2027 жылы әртүрлі модификациядағы тағы 20 ұшқышсыз ұшу аппаратын алу жөнінде өтінім берілген. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен жасалған меморандум аясында қоғамдық тәртіпті бақылау және әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында үш дрон орнатылып, пилоттық жоба нәтижелері тиісті органдарға жолданған.

Арман Турдалиевтің айтуынша, полиция қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Бұл жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, полиция бөлімшелерінің өзара байланысын жетілдіруге және оқиғаларға дер кезінде ден қоюға бағытталған.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сала маманына полиция қызметін цифрландыруға, бейнебақылау жүйелерінің жұмысына және жаңа технологияларды енгізу жоспарына қатысты сауалдарын жолдады. Арнайы маман журналистер көтерген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, нақты деректерге сүйенген жауаптар ұсынды.