Халықпен ашық диалог – құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды тетігі

0 7

Жергілікті жерлердегі азаматтардың мәселелерін уақытылы анықтау және олардың заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы тұрғыда Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Қоғаммен байланыс» жобасы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жоба аясында облыстың аудандары мен қалаларында көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берілді. Бір аптаға созылған акция кезінде 2 мыңнан астам адам қамтылып, 800-ден астам азаматқа бейінді мамандардың көмегі көрсетілді.

Қабылдаулар барысында азаматтардың өтініштері тек тыңдалып қана қоймай, оларды шешу жолдары да қарастырылды. Нәтижесінде 132 азаматтың, үш кәсіпорын жұмысшыларының және 15 кәсіпкердің мәселелері оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, 1,1 мыңнан астам азаматтың мүддесіне қатысты жүйелі мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың нақты мысалдарының бірі Талас ауданында көрініс тапты. Облыс прокуроры Жандос Әбдібаевтың қатысуымен өткен қабылдауда тұрғындардың әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасу және алимент өндіру мәселелері қаралып, 25 азаматтың мәселесі жергілікті жерде шешілді. Сондай-ақ тұрғын үй кезегіне тұру бойынша көмек көрсетіліп, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері назарға алынды.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты — құқық бұзушылықтардың алдын алу. Атап айтқанда, мал ұрлығының алдын алу үшін шалғай ауылдарда 300-ге жуық құлынға чип орнатылып, мал иелеріне жарық шағылыстыратын құралдар таратылды. GPS құрылғыларын қолдану және мал жаюды ұйымдастыру жөнінде де уағдаластықтар жасалды.

Сонымен қатар QR-код арқылы кері байланыс жинау тетігі енгізіліп, тұрғындардың ұсыныстары мен бағаларын жедел алуға мүмкіндік берілді. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалауға және азаматтарды толғандыратын мәселелерді анықтауға көмектеседі.

Мемлекеттік органдардың халықпен тікелей байланыс орнатуы құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы хабардар болуына ықпал етеді. «Қоғаммен байланыс» жобасы осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге және өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.