Мектептің басты тірегі – ұстаз
Ұстазды ұлықтау – ұлттың болашағына құрмет көрсету. Себебі бүгінгі шәкірттің білімі мен тәрбиесі, ертеңгі елдің келбеті ең алдымен мектептегі тәлімге байланысты. Осыны терең сезінген жамбылдықтар жыл сайын Мұғалім күнін ерекше ықыласпен атап өтеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Биыл да кәсіби мереке қарсаңында өңірдің білім саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен сала ардагерлерінің басын қосқан тағылымды кеш өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында ұйымдастырылған «Ұстаз – ұлт келбеті» атты мерекелік іс-шарада ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны кеңінен дәріптелді.
Салтанатты жиын театрландырылған қойылыммен басталып, одан әрі жамбылдық білім саласының тыныс-тіршілігі мен жетістіктерін көрсететін бейнеролик ұсынылды. Мерекелік кешке қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ел болашағын қалыптастырудағы еңбегіне тоқталды.
– Ұстаз – адамзат өркениетінің ұлы тұлғасы. Барлық мамандық иесі ұстаздан тәлім алады. Олардың арман жолының бастауы ұстаздың шапағатынан басталады. Сондықтан ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес. Бұл – жүрек қалауы. Бұл – жанның қызметі. Бұл – рухтың талабы, – деді өңір басшысы.
Шындығында, мұғалімнің еңбегін тек сабақ үстіндегі жұмысымен өлшеу аздық етеді. Ұстаз шәкіртінің бойына біліммен бірге жауапкершілік, ізденіс, адамгершілік секілді қасиеттерді сіңіреді. Бір қарағанда көзге көріне бермейтін осы еңбектің жемісі жылдар өте келе елдің әр саласынан көрініс табады.
Бүгінде облыста 40 мыңға жуық педагог жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді. Өңірдегі 532 орта білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. Білім саласының материалдық базасын нығайту, заманауи мектептер салу, педагогтерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар да жалғасып келеді. Қазіргі таңда облыста 14 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 12-сін биыл, тағы екі мектепті келесі жылы пайдалануға беру көзделген.
Дегенмен мектептің материалдық мүмкіндігі қанша жерден артқанымен, оның басты тірегі – ұстаз. Өйткені жаңа технологияны меңгерген, заманауи құралдармен жабдықталған білім ордасының өзінде шәкіртке бағыт-бағдар беретін мұғалімнің орны бөлек.
– Алайда ең озық технологияның, ең зәулім ғимараттың өзі ұстаздың орнын алмастыра алмайды. Себебі ұстаздың жанды дауысы, жылы мейірімі мен терең білімі ерекше. Сіздер – жаңа Қазақстанның интеллектуалды элитасын қалыптастыратын басты күшсіздер, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жамбылдық педагогтердің кәсіби біліктілігі мен ізденісі түрлі білім додаларында да көрініс тауып келеді. Өткен оқу жылында облыс командасы республикалық ғылыми жобалар конкурсында қатарынан 17-ші жыл «Ең үздік команда» атағын иеленді. Бұл – шәкірт жетістігінің ар жағында ұстаздың маңдай тері мен күнделікті ізденісі тұрғанын аңғартатын көрсеткіш.
Мерекелік жиын барысында осы еңбектің елеулі үлесі ескеріліп, білім саласының үздіктері мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Жалпы 64 педагог түрлі марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының мұғалімі Нағима Қаймалақова «Парасат» орденімен марапатталды. Тараз қаласындағы білім саласының ардагері Қансұлу Сапекова мен Шу ауданындағы №10 Шу колледжінің директоры Тоқжан Мұсаева «Құрмет» орденін иеленді.
Ал «Айша бибі» атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының мұғалімі Елена Белоус, Жамбыл ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Назаркүл Жампейісова, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының мұғалімі Гүлмира Помашева және Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Зухра Үсенбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Тараз қаласындағы №9 орта мектептің директоры Роза Тұрмысова Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасына ие болса, білім саласының ардагері Бақытжан Нұржанова Президенттің Алғысхатымен марапатталды.
Сонымен бірге бірқатар ұстазға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғысхаттары табысталды.
Ұстаздар күні – тек бүгінгі мектепте еңбек етіп жүрген мұғалімдердің ғана емес, бар ғұмырын білім саласына арнаған ардагерлердің де мерекесі. Кеш барысында сала ардагерлері мен үздік педагогтерге, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен ұстаз-аналарға да қаржылай сыйақылар табысталды.
Ұстаздық жолдың салмағы да, жауапкершілігі де жеңіл емес. Оның нәтижесі бір күнде көрінбейді. Бүгін мектеп табалдырығын аттаған бала ертең түрлі мамандықты таңдап, елдің әр саласында қызмет етеді. Сол кезде оның жүрегінде ұстазы берген бір ауыз ақыл, көрсеткен бір өнеге, үйреткен бір дағды қалуы мүмкін. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – белгілі бір күнмен шектелмеуі керек. Өйткені ұрпаққа білім беріп, елдің ертеңін тәрбиелеп отырған маманның еңбегі әрдайым бағалауға лайық.
Мерекелік кештің соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.