Құқықтық кеңес берілді

0 8

Жамбыл аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелеріне арналған «Ашық есік күні» өтті. Іс-шараның мақсаты – білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасы талаптарын түсіндіру, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне құқықтық мәселелер бойынша нақты әрі тегін кеңес беру, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Айтулы іс-шараға Жамбыл аудандық кәсіподақ комитетінің филиал төрағасы Ержан Шалимбетов пен кәсіподақтың заңгері Ғазиз Оспанов қатысып, білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Кездесу барысында қатысушылар еңбек қатынастарына байланысты өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, қолданыстағы еңбек заңнамасы аясында түсінік берді. Атап айтқанда, кеңес беру барысында еңбек шартын жасасу, өзгерту және бұзу, жұмыс уақыты мен демалыс уақытына қатысты мәселелер, сондай-ақ еңбек демалысын беру бойынша ақпарат берілді. Одан бөлек, еңбек ақысы мен өзге де төлемдерге қатысты сұрақтар қойылып, тұщымды жауап қайтарылды. Сонымен қатар ашық есік күні аясында кәсіподақ мүшелеріне Ұжымдық шарт талаптарының орындалуы, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары, еңбек дауларын шешу жолдары, тәртіптік жауапкершілік, құжаттарды дұрыс рәсімдеу және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша кеңестер берілді.

Заңгер Ғазиз Оспанов әрбір өтінішке жеке тоқталып, нақты жағдайларға байланысты заң талаптарын түсіндірді. Қатысушылар өздерінің еңбек құқықтарына қатысты сұрақтарын қойып, қажетті құқықтық бағыт-бағдар алды. Ал филиал төрағасы Ержан Шалимбетов өз сөзінде кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі – кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді.

«Ашық есік күні» барысында көтерілген мәселелер кәсіподақ пен білім беру ұйымдары қызметкерлері арасындағы өзара байланысты нығайтып, еңбек заңнамасы бойынша құқықтық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік берді.

Кәсіподақтың құқықтық қызметі алдағы уақытта да білім беру саласының қызметкерлеріне тегін құқықтық кеңес беріп, олардың еңбек құқықтарын қорғауға және заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.