Фискалдық чек – тұтынушы құқығын қорғаудың маңызды құралы

0 13

Қазақстан Республикасының салық заңнамасы талаптарын сақтау, салық төлеушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану және фискалдық чектерді беру тәртібін сақтау маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы тақырып аясында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ернар Кушанов баяндады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Оның айтуынша, БКМ қолдану ақшалай есеп айырысулардың ашықтығын қамтамасыз етудің, сондай-ақ өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер туралы мәліметтерді тиісті түрде тіркеудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Осыған байланысты заңнамада көзделген жағдайларда ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыратын әрбір кәсіпкерлік субъектісі БКМ-ді белгіленген тәртіппен қолдануды және сатып алушыға тиісті фискалдық чекті беруді қамтамасыз етуге міндетті.

– Бақылау-касса машиналарын қолдану талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Яғни, Салық заңнамасының талаптарын бұзу, оның ішінде БКМ чегін немесе тауар чегін бермеу, сондай-ақ нақты төленген сомадан өзгеше сомаға чек беру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Алғаш рет құқықбұзушылық жасалған кезде ескерту көзделсе, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай айыппұл салынады. Сонымен қатар, өтініш берушілердің шағымдары бойынша фискалдық чекті бермеудің екі және одан да көп расталған фактісінің болуы хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім қабылдауға негіздердің бірі болып табылады. Осыған байланысты Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы «Кәсіпкердің күші – адалдықта, тұтынушының сенімі – фискалдық чекте» жобасы аясында кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, – деді Ернар Сарсенбайұлы.

Жалпы жоба шеңберінде кәсіпкерлермен кездесулер өткізу, сауда орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жариялау және тұтынушыларға фискалдық чек алудың маңызын түсіндіру жоспарланған. Негізгі мақсат – құқықбұзушылықтардың алдын алу, кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын сақтауға жауапты көзқарас қалыптастыру.

– БКМ қолдану тәртібін сақтау және фискалдық чекті беру – кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды элементтері. Кәсіпкер үшін фискалдық чек – ақшалай есеп айырысудың дұрыс жүргізілгенін және заңнама талаптарының сақталғанын растайтын құрал. Тұтынушы үшін – сатып алу фактісін растайтын және оның құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретін маңызды құжат. Сонымен қатар заңнамада белгіленген талаптарды бұзғаны үшін нақты жауапкершілік көзделген: алғашқы құқықбұзушылық кезінде ескерту жасалады, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда 20, 30 немесе 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұдан бөлек, өтініш берушілердің шағымдары бойынша фискалдық чекті бермеудің екі және одан да көп расталған фактісінің болуы хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім қабылдауға негіздердің бірі болып табылады. Осыған байланысты Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан «Кәсіпкердің күші – адалдықта, тұтынушының сенімі – фискалдық чекте» жобасы шеңберінде ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жалғастырылатын болады. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және салық заңнамасының талаптарын сақтауға жауапты көзқарас қалыптастыру. Заң талаптарын сақтау – ашық бизнестің және тұтынушы сенімінің негізі, – деп атап өтті Ернар Кушанов.

Баспасөз мәслихаты соңында басшының орынбасары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.