Қариясын қадірлеген ел

0 9

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Халықаралық қарттар күні қарсаңында белгілі қаламгер, жазушы-драматург, публицист Елен Әлімжанның шаңырағына арнайы барып, ақсақалды мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қаламгердің ел руханиятына сіңірген еңбегі аз емес. Қазақ журналистикасы мен әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Елен Әбдуатұлы ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында еңбек етіп, ұлттық журналистиканың дамуына үлес қосты.

Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған ол еңбек жолын бұқаралық ақпарат құралдарында бастап, әр жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарды. Қазақ телевизиясында комментатор болып, «Еңбек туы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін Жамбыл облыстық партия комитетінде нұсқаушы, «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, «Түркістан» газетінің бөлім меңгерушісі болды. «Қазақ энциклопедиясы» баспасында жетекші маман, «Ақ жол» газетінде «Руханият» бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Алтын шырақ» журналының редакторы қызметтерін атқарып, журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрді.

– Сіздей ағалардың ақылы мен өмірлік тәжірибесі біз үшін әрдайым қымбат. Ең бастысы, аға, деніңіз сау болсын. Бала-шағаңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріп, отбасыңыздың ортасында аман-есен, абыройлы ғұмыр кеше беріңіз. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дейді ғой. Сіз де елдің ортасында ақыл-кеңесіңізді айтып, баталарыңызды беріп, төрімізде отыра беріңіз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өз кезегінде Елен Әлімжан көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін жеткізді. Елдің тыныштығы мен жердің амандығын тілеген ардагер кейінгі буынға да ақ батасын берді.

Қарияны құрметтеу – халқымыздың ежелден келе жатқан салты. Үлкенге ізет көрсету, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа өнеге ету – ұлт тәрбиесінің өзегі. Осы ретте Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімінің орынбасарлары да еңбек және сала ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрсынкүл Әшірбаевамен жүздессе, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ақын Қайырбек Асановтың үйіне барды. Ал облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі еңбек ардагері Раушан Әміреқұлованы құттықтады.

Мұндай кездесулердің мәні – мерекелік сый-сияпатпен ғана шектелмейді. Өмір жолы кейінгіге үлгі болған аға буынға құрмет көрсету, олардың батасын алып, өнегелі әңгімесін тыңдау – елдің бірлігін бекемдейтін тағылымды дәстүр.

Қариясын төрге оздырған қоғамның қашанда тамыры терең. Өйткені үлкенге көрсетілген құрмет – өткенге тағзым ғана емес, келешекке деген жауапкершіліктің де белгісі.